Бөкей хандығының тарихын әлі де кеңінен зерттеу қажет – академик Тұяқбай Рысбеков

ОРАЛ. KAZINFORM — М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Бөкей хандығы тарихын заманауи тарихнама тұрғысынан зерделеу: жаңа деректер мен дәйектер» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өткізілді.

Бөкей хандығының тарихын әлі де кеңінен зерттеу қажет
Фото: Абай Ғабдоллин

Бөкей хандығының 225 жылдығына арналған жиынды университеттің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев жүргізді.

Университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының кандидаты Қанат Әуесбай Бөкей хандығының тарихын заманауи тарихнама тұрғысынан кешенді зерделеу, отандық және шетелдік зерттеулердегі жаңа ғылыми тұжырымдар мен деректерді талдау тұрғысында мұндай іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

Бөкей хандығының тарихын әлі де кеңінен зерттеу қажет
Фото: Абай Ғабдоллин

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұяқбай Рысбеков Бөкей хандығын қазақтың арғы-бергі тарихымен ұштастыра отырып, кеңінен зерттеу қажеттігіне назар аударды.

Оның айтуынша, Бөкей ордасы оны құрған Бөкей сұлтанның есімімен аталды. Бөкей ханның жасаған барлық жақсылығын ұлы Жәңгір жалғастырып, жетілдірді.

- Алайда біз кейде Бөкейді ұмыт қалдырамыз да, Жәңгірді төбеге көтереміз. Әрине, Жәңгірдің ағартушылық еңбегі мол. Қазақстандағы тұңғыш мектепті Ордада ашып, жәрмеңке арқылы сауда-саттық мәселесін жолға қойғаны шындық, басқа да жасаған істері баршылық. Сонымен қатар Жәңгір ханның кемшілік жақтарын да айтуымыз керек. Ол жер мәселесінде қателіктерге жол берді. Өзі солай жасауға тырыспағанымен, патшалық Ресей соған итермеледі. Жер бөліске түсті. Бұл халықтың ашу-ызасын туғызып, Исатай-Махамбет бастаған көтерілісіне алып келді. Бұрын көтеріліс 1836-1838 жылы болды делінді. Шын мәнісінде Махамбеттің өзі өлеңінде Исатай ағам екеуміз бес жыл бойы күрестік деп айтып кеткен. Оған қоса Кеңес дәуірінде Бөкей ордасының қасиетті жері полигонға беріліп, халқы қуғын-сүргінге ұшырады. Міне, біз осының бәрін ашып көрсетуіміз керек, - деді Т.Рысбеков.

Бөкей хандығының тарихын әлі де кеңінен зерттеу қажет
Фото: Абай Ғабдоллин

Бейнебайланыс арқылы жиынға қатысқан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбек қазақ тарихын зерттеуде архив деректерімен қатар шежірелік материалдарға да сүйену қажеттігін жеткізді. Осы орайда еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі 35 жыл ішінде жаңа дүниелер жазылып, жария болып жатыр.

- Шежірелерде айтылатын қазақ халқының өзінің ұстанымдары бар. Мысалы, «Төресіз ел болмайды, төбесіз жер болмайды». Осы орайда Тәуке ханның кезінде біртұтас орталықтандырылған билік күші болғандығын көреміз. Тәуке ханнан кейін мұның бытыраңқылыққа түскені байқалады. Батыс Қазақстанда Әбілқайыр, Нұралы, Бөкей, Жәңгір хандардың саяси билігін ресейлік, кеңестік тарихнама қалыптастырған арнамен жүре бермей, тәуелсіздік тұрғысынан, жаңаша бағалауға тиістіміз, - деді М.Алпысбек.

БҚО Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының бөлім басшысы Жангелді Төлешев Жәңгір ханның генерал-майор шенін алуына байланысты саяси қызметіне тоқталды.

Астана халықаралық университетінің қауымдастырылған профессоры, Ұлттық музейдің мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов Қазақстандағы кәсіби музей ісінің Жәңгір хан ұйымдастырған қару-жарақ палатасынан басталғанын айтып, сондағы жәдігерлердің сақталу тарихын баяндап берді.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева алғашқы қазақ драматургтерінің бірі Ишанғали Меңдіхановтың ғұмырнамасын, оның зерттелуін тілге тиек етті.

Сондай-ақ осы университеттің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров Бөкей ордасын басқару ісіне үлес қосқан қайраткер Есенияз Шытықовтың өмірі мен қызметін өз сөзіне арқау қылды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар қазақ тарихы тым әріден басталатынын айта келіп, ел мен жерді ұрпақ үшін сақтап қалған Бөкей хандай тұлғалардың есімін қастерлей білу керектігі жөнінде ортақ тоқтамға келді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын тарихшы-ғалымның Бөкей хандығын зерттеу үшін арнайы институт ашуға болатыны жөнінде айтқанын жазған едік.

Сондай-ақ Бөкей ордасының тарихын түгендеген үш кітап жарық көрді.