Батыс Қазақстаннан майданға 1200 қыз-келіншек аттанған — тарихшы

ОРАЛ. KAZINFORM — Екінші дүниежүзілік соғысқа ер азаматтармен қатар қыз-келіншектер де қатысып, Отанын қорғағаны белгілі. Осы орайда Kazinform тілшісі аталмыш тақырыпты зерттеп жүрген М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаевамен сұхбаттасқан еді. 

а
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

— Бақтылы Сансызбайқызы, Екінші дүниежүзілік соғысқа Кеңес одағы мен Қазақстаннан қанша қыз-келіншек қатысты? Соның ішінде Батыс Қазақстан облысынан қанша аруымыз майданға аттанды, олардың саны нақтыланды ма?

— ХХ ғасырдағы қасіретті оқиғалардың бірі — Ұлы Отан соғысы. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында отандық тарихшылар мұны ІІ дүниежүзілік соғыс деп қарастырып жүр. Қалай атасақ та, бұл соғыстың ерекшеліктерінің бірі — оған қалың бұқараның, соның ішінде әйелдердің көптеп тартылуы. Бұл жөнінен КСРО мемлекеті алдыңғы орында тұрды. Деректерге сүйенсек, 800 мың қыз-келіншек майданға аттанған. Енді өз еліміздің жағдайына келсек, Қазақстаннан 6 мың әйел әскерге алынған деген статистикалық мәлімет бар. Ал біздің ұзақ жылдар бойғы жүргізген зерттеуіміз бойынша Батыс Қазақстан облысының өзінен-ақ 1 200-дей аруымыз ел қорғағандар сапынан табылған. Алайда осыншама майдангерлер арасындағы қазақ қыздарының саны қанша?! Бұл сұрақтың әлі күнге дейін жауабы табылған жоқ. Сол сияқты ел басына күн туған заманда өз еркімен (тіпті барлығы дерлік) майданға аттанған сол аруларымыздың жауынгерлік өмірі, шейіт болғандарының қаза тапқан жері де толық анықталмай келеді.

Кезінде Кеңес Одағының маршалы Андрей Еременко: «Біздің ержүрек әйелдердің ерлермен қатар игермеген әскери мамандығы бар ма екен, сірә?!» деп жазған еді. Демек, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қолына қару алып, майданға аттанған қазақ қыздары ұшқыш, пулеметші, танкист, десантшы, байланысшы, барлаушы және басқа әскери мамандықтардың бәрін де меңгере алған. Қызыл армияның кейбір әскери бөлімшелерінде әйелдердің үлес салмағы 8 пайызға дейін жеткен. Әйтсе де олардың барлығының есімі белгілі ме, ерлігі кезінде бағаланды ма? Міне, осы жауынгер әйелдер жайын зерттеу аталмыш соғыс тарихнамасындағы өзекті мәселелердің бірі ретінде қалып келеді.

а
Ғалым майдангер қыздардың ұрпақтарымен кездесуде. Фото тарихшы Бақтылы Боранбаеваның жеке архивінен

— Сонда тарихшы ғалым ретінде қандай мәселеге назар аудару керек деп есептейсіз?

— Кеңес одағының әскери заңнамалық құжаттарында қажетті жағдайларда әйелдер Қызыл армия қатарына қосымша қызметтерге тартылсын деп жазылғанмен, олардың жалпы әскери міндеттілігі болмағаны белгілі.

Дегенмен Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің 1942 жылы 25 наурыздағы қаулысы негізінде сол жылы 13-23 сәуір аралығында Кеңес одағында қыз-келіншектерді майданға, тылдағы өндірістік еңбекке жаппай мобилизациялау басталған. 

Бұл жерде Кеңес одағы жауынгер әйелдердің физиологиялық, психобиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, соғыста олардың жағдайын қалай ойластырды? деген сауалдың басын ашып алған жөн. Шын мәнісінде жауынгер әйелдер арнайы әскери киіммен қамтамасыз етілмеді. Осы орайда Сталинград шайқасына қатысып, әскери үш мамандықты меңгерген Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында тұрған майдангер Рабиға Зайнуллинаның: «Соғысқа алынғанда, үлкен солдат киімін берді. Оны қысқартып тігіп, шағындап алдық. Ал ер адамның үлкен етігінің ішінен қалың шұлғау орасақ та, аяғымызды қажап, жара қылып тастайтын еді», деп айтқаны есімде. 

Сондай-ақ жауынгер әйелдердің қажетті гигиеналық жабдықтармен қамтылмауы, оларға медициналық және гинекологиялық қызметтердің тиісті дәрежеде көрсетілмеуі, блиндаждарда ерлермен бірге тұрғаны соғыстың шындығы екенін айту керек.

Осы жерде кеңестік әйелдердің майданға өз еркімен аттанғанын баса айтар едік. Оларды жеке ынта-жігері алға жетелеп, құлшындырған. Отанды қорғау, соғысқа аттанып, жоқ болып кеткен бауырларының кегін алу, міне, осы сияқты факторлар әсер еткен. 

Өкінішке қарай, майданда ерлермен иық тірестіре шайқасқан аруларымыздың қаншасы шейіт болды? Жараланғаны қанша? Мүгедек болғандар ше? Әскери мамандықтары қандай, ұлттық құрамы қандай болып еді? Жау басып алған аумақтарда партизан отряды құрамында қанша әйел қызмет етті? Міне, осы мәселелерді әлі де тереңірек зерттей түсуіміз қажет. 

1969 жылы Мәскеу қаласында «Қазақстан компартиясы Ұлы Отан соғысы жылдарында» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғаған ғалым Манаш Қозыбаев соғысқа барғандардың 40 пайызы майданға өз еркімен аттанғанын келтіреді. Олардың арасында әйелдердің де аз болмағаны анық. 

а
Фотоны ұсынған тарихшы Бақтылы Боранбаева

— Соғыс тынысы сол кездегі мерзімді баспасөз беттерінен де сезіліп тұрды ғой?

— Иә, бәрі майдан үшін жұмылдырылды ғой. Кеңестік үгіт-насихат та күшті еді. Әйелдер тылда белсенді еңбек етіп қана қоймай, батырлық қасиеттерімен де дараланды. Олардың жауға деген өшпенділіктері 1941 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетінде жарияланған үндеуден анық аңғарылады. Мәскеу қаласында 1941 жылы шілде айында қабылданған үндеуге РСФСР халық әртісі Галина Уланова, Кеңес Одағының Батыры Марина Раскова, ақын Анна Ахматова, тракторшы Паша Ангелина, суретші Анна Остроумова-Лебедова, барлығы 38 әйел қол қойған.

Үндеуде: «КСРО-ның бүкіл әйелдеріне! Әйелдер үшін Гитлерден, фашизмнен үлкен жау жоқ. Үй шаруасындағы әйелдер! Сіздің ұқыпты қолдарыңыз қазір өндіріске қажет болып отыр. Фабрикалар мен зауыттарға барыңыздар. Жұмысшы әйелдер, колхозшы әйелдер және қызметкер әйелдер! Ерлердің профессияларын әлі де сенімді түрде меңгеріңдер. Алдыңғы қатарлы позицияға кеткендердің орнына станокта, тракторда, мәдениет пен исскуствоның учаскелерінде әлі де батыл жұмыс істеңдер. Әрбір қаланы, әрбір селоны, әрбір үйді жаудың қолы батпайтын айбарлы қамалға айналдырайық. Біздің әрқайсымыз саналы, кішіпейіл сестра, ауру бағушы донор болайық» деп жазылған. 

Бұдан кейін, 1941 жылы 7 қыркүйекте Мәскеудегі Одақтар үйінің колонна залында өткен митингіде Кеңес Одағының Батыры Валентина Гризодубова, КСРО халық әртісі Валерия Барсова, тарихшы, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Анна Панкратова, ұшқыш Николай Гастеллоның анасы Анастасия Кутузова, барлығы 53 әйелдің қолы қойылған «Женщины всего мира — на борьбу против фашизма!» деген үндеу де облыстық «Приуральская правда» (бүгінде «Приуралье») газетінде басылған. Соғысқа қатысқан батысқазақстандық қыздардың бірі, майданда радиобайланысшы болған Ғарифа Рахметова көзі тірісінде осы үндеуді талқылау жөнінде 1942 жылы сәуірде Оралда митингі өткенін айтқан еді. 

— Митингі біткен соң 600 қыз әскери комиссариатқа барып, екі ай Оралда оқыған соң бізді қала жұртшылығы темір жол вокзалынан шығарып салды. Мәскеу қаласындағы радиобайланысшылар училищесінде білімімізді жалғастырдық. Кейін сол жылы өз еркіммен соғысқа аттанып, бірнеше майдандағы ұрыстардың бел ортасында болған едім, — деп келтіреді естелігінде майдангер. 

Бұл бір делік. Екіншіден, Қиыр Шығысқа Батыс Қазақстан облысынан 300 қыз аттанса, соның жетеуі Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданының тумасы еді. Соның бірі, десантшы Қаламсия Ермековамен бірнеше рет кездесіп, тілдестім.

а
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

— 300 қыз тиелген эшелон Қиыр Шығысқа 22 күн жол жүріп жеттік. Қызыл вагон ішінде сабан шөпті жастанып жаттық. Әбден кірледік, — деп еді марқұм.

Үшіншіден, 1942 жылдың жазынан бастап байланысшылар, пулеметшілер, санитарлық нұсқаушыларды тезірек дайындау туралы бұйрықтар облыстық архивте сақталған. Соған сәйкес Казталов ауданында 35 қыз 240 сағаттық бағдарламамен оқытылып, олар 14 пәннен сынақты өте жақсы және жақсыға тапсырған. Соның ішінде 15-і қазақ қызы болып шықты. Бірақ олар қайда барды — ол жайында дерек таба алмай отырмыз. 

Сол секілді Подольск мергендер мектебінде оқыған 30 арудың үшеуі қазақ қызы болған. 

— Есімдерін келтіре кетесіз бе?

— Әрине, Жымпиты ауданы Қособа ауылында өмір есігін ашқан Мүслима Қожахметова Одер өзенінен өту кезінде дзоттың үнін өшіргені үшін үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған. Ал Орда ауданынан түлеп ұшқан, мергендер мектебін бітіріп, майданға келген Әлима Ғабдушева 18 күннен кейін «Ерлігі үшін» медалін өңіріне тағады. Ал төрт айдан соң Онкиты селосы үшін шайқаста үш дұшпанның көзін жойып, жаяу әскердің шабуылға шығуына мүмкіндік бергені үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне қол жеткізеді. Оның екеуі де Берлинге дейін барып, елге жеңіспен қайтқан. 

а
Әлима Ғабдушева. Фотоны ұсынған тарихшы Бақтылы Боранбаева

Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылында туып-өскен Мәлика Тоқтамышева да «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Өкініштісі, жаудың мергені бірінші болып қимылдап, Мәликаның қос қасының ортасынан атып үлгереді. Ауыр жараланып, госпитальда көз жұмған оның денесі Витебск облысы Городок ауданы Большой городок селосында жерленген.

а
Мәлика Тоқтамышева. Фотоны ұсынған тарихшы Бақтылы Боранбаева

Мәлика Тоқтамышева туралы бірінші болып 1948 жылы қаламгер, қазақ радиосы алғашқы дикторларының бірі Тәмті Ибрагимова мақала жазды. 1984 жылы Тәмті апаймен хат жазып, хабарласып, Мәликаға қатысты құнды құжаттар мен суреттерді пошта арқылы жіберген еді.
Жалпы, әскери тарихшылар мен зерттеушілер ер адамдарға қарағанда, өздерінің психологиялық, биологиялық ерекшеліктеріне байланысты әйел затының мергендікке бейім екендігін жазады. Олар дұшпанды аңдып, қапысын табу үшін сағаттап, тіпті күні бойы жатуға бейіл, шыдамды. Қыздар кішкентай детальдарды зерттеуге келгенде, өте ұқыпты болады екен.
Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлігі көзі тірі кезінде де белгілі болған. Әскери тілшілер оны жиі іздеп келеді екен. Тіпті бір кезде КСРО Жазушылар одағы басшыларының бірі болған белгілі кеңес жазушысы Владимир Ставскийдің Әлия туралы кітап жазуға бекінгені белгілі. Бірақ әскери тілші 1943 жылы 14 қарашада қайтыс болып кетеді.

Жалпы, қазақтар арасынан мергендердің көптеп шығуы тектен-тек емес. Бұл далада еркін өмір сүрген халқымыздың табиғатына тән қасиет деуге болады. Соғыс кезін сөз еткенде, ұлтқа бөлудің қажеті болмас. Сол дәуірдегі халықтың отаншылдығын, адамгершілігін ерекше атап өтуге болады. Соның ішінде қандай қиын-қыстау кезең болмасын, қазақтың ұл-қызы да өз адамгершілігін жоғалтпаған, ар-абыройын биік қойған. Әйтсе де олардың ерлігін бағалау кезінде әділетсіздіктің болғаны да ақиқат. Ештен кеш жақсы, соның орнын қазіргі уақытта толтырсақ, бізді ешкім тежеп отырған жоқ.

а
Роза Момынова. Фотоны ұсынған тарихшы Бақтылы Боранбаева

— Сөзіңіз аузыңызда, соғыста мерт болған дәрігер, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, медициналық қызметтің гвардия капитаны Роза Момынованың өзі неге тұрады?

— Мен осы қыршын кеткен апамызды мысалға келтіргелі отыр едім. Ол біреудің жалғыз қызы екен. Дәрігер ретінде далалық госпитальда өз міндетін атқарып қана қоймай, алғы шепке де барып, қансырап жатқан жаралыларды оқ астынан алып шығып жүреді екен. Сол батырлығы үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 1944 жылы ауыр жарақат алып, соның салдарынан Қазан қаласындағы госпитальда 20 мамырда қайтыс болған. Сондағы Арск зиратында мәңгілік тыныштық тапқан. Туыстары Роза Момынованың басына барып, тағзым етіп қайтты. Сол Роза Момынова Орал қаласындағы фельдшерлік техникумды бітірген. Ендеше, қазіргі медициналық колледжде осындай батыр қыз туралы іс-шараларды неге өткізбеске деген ой келеді.

— Қырық жылдан астам уақыт бойы майдангер қазақ қыздары туралы зерттеп келеді екенсіз. Осы ісіңізді жалғастырасыз ба?

— Бұдан 10 жыл бұрын Жеңістің 70 жылдығына орай шығарылған монографияға 17 қазақ қызының есімін енгізіп, олар туралы мәліметтер жариялаған едім. Енді Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай баспадан толықтырылып, шығарылғалы отырған «Ұлы Отан соғысына қатысқан БҚО қазақ қыздары» деген кітабыма тағы төрт майдангер туралы тың деректер енгізілді.

Подольск мергендер мектебін тәмамдаған Әлима Ғабдушева, Қиыр Шығыс майданында 189-автокөлік полкі № 600 батальонының әскери көлік жүргізушісі Сұлухия Сарқұлова, сол майданда байланысшы болған Қалампыр Ахметованы атай аламын. Бұл қатарда Брянск майданында «На разгром врага», «Суворовец» газеттерінің әріп терушісі, баспагер Нәпия Дәулетқалиева бар.

а
Нәпия Дәулетқалиева. Фотоны ұсынған тарихшы Бақтылы Боранбаева

— Осындай майдангер қазақ қыздарына құрмет көрсету үшін не істеу керек деп ойлайсыз? 

— Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай майданда батырлығымен аты шыққан ардагерлерімізге қала мен ауылдарда көше атауларын беру қолға алынып жатқаны мәлім. Міне, солардың ішінде соғысқа қатысып, жоғары марапат алған әйел-аналарымыз ұмыт қалмаса екен дейміз. Кітабыма енгізген 21 қазақ қызының қай-қайсының да есімін көшеге беруге болады. Өкінішке қарай, енжарлық па, мұндай құрмет көрсетілмей келеді. Осыны көргенде жаным ауырады. 

Әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Адамдар бір-біріне өзара қарыздар екенін әрқашанда ойлай жүруі керек. Әсіресе Отан соғысы ардагерлерінің еңбегін ерекше бағалауы тиіс. Ер өледі, ел қалады. Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты» деген еді. Даңқты батыр айтса айтқандай, қазақ халқының ержүрек қыздарын қастерлеп, ұлттық мақтанышқа айналдыру бүгінгі ұрпақтың парызы саналады. 

а
Сұлухия Сарқұлова. Фотоны ұсынған тарихшы Бақтылы Боранбаева

Еске сала кетейік, бұдан бұрын жиырмасыншы ғасырда Kazinform таспасына түсіп қалған түйеші Зәуреш Ерғалиева және оның түйелері туралы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар