БҚО тұрғындары 25 жылдан кейін америкалықтар асырап алған қызымен кездесті
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы әуежайда АҚШ-та өскен қазақ қызының өзінің ата-анасымен кездесіп жатқаны туралы әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.

Заңгер Лейла Онлаштың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, қыз 2000 жылы Қазақстанда дүниеге келген.
Алайда дәрігерлер оның ата-анасына шақалақ өлі туды деп хабарлаған. Бірақ бұл жалған еді. Дәрігерлер қызды америкалықтарға сатып жіберген.
- Ол жақсы отбасында өсті. Оған барлық шындықты айтты. Содан кейін өзінің ата-анасын табуға көмектесті. Мәселенің екінші жағы бар. Оралда үш дәрігерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Мұндай қылмысты бір адам жасай алмайтынын түсінеміз. Мұның артында тұтас жүйе тұр, - деп жазады Л. Онлаш.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді.
- Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Қазіргі кезде қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысына сәйкес қолданыстағы заңнама аясында түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да полиция қызметкерлеріне 30 жаңа көліктің кілті табыс етілгенін жазған едік.