Батысқазақстандық диқандар егін оруға кірісті

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында күздік бидай мен арпаны ору басталды. 

егін
Фото: primeminister.kz

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Ситқазиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, бастапқы мәлімет бойынша дақылдардың өнімділігі жаман емес.

Берік Маратұлының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда 520 гектар арпа мен күздік бидайдан 1,6 мың тонна астық алынды. Орташа өнімділік — гектарына 30 центнер. Дегенмен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі көпжылдық орташа деңгейде болады деп болжанып отыр.

— Биыл өңірде барлығы 633 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді, бұл жоспардағыдан (612,7 мың га) жоғары. Соның ішінде 296,8 мыңы — дәнді дақылдар, мұның 91,5 мыңы — күздік бидай, 121 мыңы — майлы дақылдар, 4,2 мыңы — картоп, көкөніс-бақша дақылдары, 211 мың гектары — мал азықтық дақылдар, — дейді Берік Ситқазиев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта шаруалар ерте пісетін көкөністерді жинап жатыр.

Биыл облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 11,8 мың тонна (шілде — 3,08 мың, тамыз — 3,92 мың, қыркүйек — 4,3 мың, қазан — 0,52 мың тонна) арзандатылған дизель отыны бөлінді.

— Күні бүгінге дейін жеткізуші операторды анықтау мақсатында конкурс өткізуге хабарландыру беріліп, комиссия отырысы 11 шілдеге белгіленді. Оған дейін көктемгі дала жұмыстары кезінде игерілмеген 1,9 мың дизель отыны шаруаларға қайта бөлінді. 1 литр дизель отынының Оралдағы мұнай базаларынан жіберу бағасы — 254 теңге. Сонымен қатар күзгі дала жұмыстарына техникалар толық дайын. Оған 5 312 трактор, 911 комбайн, 3711 тіркеме және өзге де техникалар тартылады, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Оның мәлімдеуінше, қазіргі таңда егіске енгізілетін тыңайтқыштар жеткізіліп жатыр. Отандық зауыттардан және тыңайтқыш сатушылардан барлығы 4,5 мың тонна тыңайтқыш (52,7 пайыз) сатып алынды. Келісім-шартқа отыру жұмыстары жалғасып жатыр, жол картасы бойынша жоспар — 46,9 мың тонна.

Облыста арнайы лицензиясы бар 8 астық қабылдау кәсіпорны өнімдерді қабылдап жатыр. Олардың жалпы сыйымдылығы — 586 мың тонна, бұл жиналған өнімді сақтауға жеткілікті.

— Диқандарды барлық қажетті ресурспен қамтамасыз ету мақсатында биыл өсімдік шаруашылығын субсидиялау мен қызметтер көрсетуге жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге қаралса, соның 595 млн теңгесі игерілді. Бұдан бөлек, көктемгі дала және егін ору жұмыстарын несиелеуге облысқа 21,4 млрд теңге, соның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 18,4 млрд теңге, «AQJAIYQ» ӘКК» АҚ-ға 3 млрд теңге бөлінді. Бүгінде шаруаларға 5 пайызбен 9,2 млрд теңге (43 пайыз) несие берілді. 1,3 млрд теңгеге жуық несиенің өтінімдері қаралып жатыр, — деді Б.Ситқазиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын шөлейт аймақта қандай шөптен мол өнім алуға болатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар