Батысқазақстандық Гүлзада Қалелова Желтоқсан құрбаны деп танылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Ақжайық ауданы Ілбішін ауылының тумасы Гүлзада Нәбиқызы Қалелова (1969-1987) 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбаны деп танылып, толық ақталды.
Гүлзада Қалелованы ақтау жолында аянбай еңбек еткен, Ақжайық ауданы Чапаев ауылында тұратын тарихшы-ұстаз, өлкетанушы Алдаберген Сәрсековтің мәлім еткеніндей, бұл туралы Алматы қаласы прокурорының орынбасары Н.Ауғанбаевтың қолымен желтоқсаншы қыздың өкілі Бисенбай Сайфолдаға берілген анықтамада айтылған.
Онда сарапшының 2022 жылғы 22 ақпандағы № 34 қорытындысына сәйкес №НВФ5360/29 мұрағаттық фотосуреттің бет пішінін және Г.Қалелованың суретін салыстыру кезінде бір адам екені анықталғаны жазылған.
«Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы негізінде Гүлзада Нәбиқызы Қалелова саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде танылады» - делінген анықтамада.
А.Сәрсеков 1997 жылы 1930 жылдардағы сталиндік репрессияға ұшырағандарды ақтау бағытында жұмыс жасаған кезде облыстық мұрағатта сырты жаңалау папкіге тап болған. Онда Гүлзада Қалелованың Желтоқсан оқиғасынан кейін ұсталғандағы заң орындарына берген жауаптары бар екен. Және өзі Ақжайық ауданы Ілбішін ауылынан болып шыққан.
«Өзім танымасам да, еліміздің тәуелсіздігі жолында қыршын кеткендердің қатарында біздің ауданнан да жас қыз бала бар екенін ойлағанда, жүрегім елжіреп кетті. Ауылға келген соң Қабыл ауылына әдейілеп барып, Гүлзаданың ағайын-туыстарымен таныстым, сөйлестім. Оның анасы Қалелова Қалампыр да, әкесі Қалелов Нәби де қарапайым еңбек адамы екен. Олардың тұңғышы — осы Гүлзада мектепте үлгілі оқушы болған», дейді А.Сәрсеков. Г.Қалелова Қарша орта мектебін бітіргеннен кейін өзінің жүрек қалауы бойынша Алматыдағы кинотехникумына оқуға түскен. Сонда марқұм анасы Қалампыр: «Желтоқсан айының соңына таман Алматы кинотехникумында оқып жүрген Гүлзаданың кураторынан хат келді. Ол хатта «Қызыңыз бұзақылық жасады. Алаңға шыққан бұзақыларға қосылған» деп жазған. Ол кезде Желтоқсан қырғыны жөнінде де ештеңе білмедік қой. Бұрын мұндайды естімеген біз қатты шошыдық. Содан жылап-сықтап жүріп не істеп не қойғанымызды білмедік. Әкесі Нәби болса жыларман күйде: «Құдай-ау, қыз бала қандай тәртіпсіздік жасауы мүмкін», деп үйге кіріп-шығып аласұрып жүрді де қойды. Содан кейін 1987 жылдың ақпан айының ішінде бірінен соң бірі екі жеделхат келді. Екеуі де Алматыдан. Біріншісінде: «Қызыңыз ауырып қалды, келіңдер», деген. Екіншісінде: «Қызыңыз қайтыс болды», - деп жазылған. Ол кезде қызымыздың адам қолынан өлгенін білген жоқпыз ғой», деп еске алған еді.
Гүлзаданың анасының сөзіне қарағанда, 1987 жылдың ақпан айында қасына ауылдағы мектеп директоры Бақтығұлов Мәуленбай мен Тілепов Мұратты ілестіріп, жұбайы Нәби Қалелов Алматыға барып, қызының сүйегін ұшақпен алып келген. Мәйіті қазіргі Қабыл ауылының қасындағы қорымға жерленген. Диагнозы «Қарақұсына қатты бірдеңе тиіп сынған», деп жазылған. Сол жылы мамыр айының ішінде бір қара киім киген кісі «милициямын» деп келіп, Гүлзаданың бүкіл құжаттарын жинап алып, «Ешкімге ештеңе айтып, сөз көбейтпеңіз, өзіңізге жаман болады», деген ата-анасына. Осы оқиғадан кейін-ақ қызының қайғысынан көп ұзамай Нәби 1994 жылы дүниеден озды.
«Сол бір естен кетпес қаралы күні қара киім киген, ілесіп келген 4 ер адамның қарсылығына қарамай, мырыш табытты азар ашқызды. Гүлзаданың басы бірден көзге түседі. Бинттеп орап тастаған. Марқұм анасы Қалампыр: «Ең болмаса маңдайынан бір иіскейін, басын ыңғайлашы», деді. Ыңғайлайын деп басының астына қолымды тығып едім, саусақтарыма анық сезілді. Бас сүйегі арты қарақұс жоқ екені байқалады. Бос мәрлі былқылдап жатыр. Бойым дір етті. Бірақ қызының маңдайын сүйіп, еңіреген анаға сездірген жоқпын», — деп еске алады Гүлзаданың немере ағасы Аян Қалелов.
Жақын туыстарының айтуынша, мәйітке ілесіп келгендер онымен қоймай, Гүлзаданың ата-анасына: «Қыздарың бұзақыларға қосылған, жеңілтек болған. Мас болып баспалдақтан құлаған» деген сияқты небір өтірік жаланы жауып, жамандаған. Кейін 1987 жылдың көктемінде қайғыдан қан жұтып отырған отбасына түн ортасында бірнеше адам келіп, Гүлзаданың екі інісі мен анасының көзінше «Мырыш табытты неге аштырдың?» деп әкесі Нәбиді соққыға жыққан.
«Желтоқсан оқиғасына байланысты Қалеловтар отбасы қатты қуғын көріп, қыспаққа түсті. Гүлзаданың әкесі 1994 жылы өмірден құса болып өтсе, анасы Қалампыр 2003 жылы көз жұмды. Жалғыз інісі Мереке Көкшетау асып кетті. Қазір сонда тұрады. Шынтуайтында арманшыл да ару қызымыз Гүлзада Қалелова Алматыға барып, киномеханик білімін алып, еліне келіп, адал еңбек етуді мақсат тұтқан өжет жан еді. Гүлзаданың ерлігі Мәншүк, Әлия, Хиуаз апаларының һәм өзімен тең құрбы-құрдас, замандас Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Қайрат Рысқұлбековтермен тең келетін батырлық деп айтар едім. Гүлзаданың да атын осы боздақтармен қатар атап, жас ұрпаққа өнеге ету — біздің борышымыз. Желтоқсан құрбанының ақталуына байланысты 5-6 желтоқсан күндері оның туған жері — Ақжайық ауданы және Орал қаласында еске алу іс-шаралары өтеді. Гүлзада Қалелованың ақталуына үлес қосқан азаматтардың бәріне алғысымызды білдіреміз»,- деді А.Сәрсеков.