Батысқазақстандық кәсіпкерлер су тасқыны салдарынан 7 млрд теңге шығынға ұшырады

Батысқазақстандық кәсіпкерлер су тасқыны салдарынан 7 млрд теңге шығынға ұшырады
Коллаж: ҚР ТЖМ/ Виктор Федюнин/ Kazinform/freepik.com

ОРАЛ. KAZINFORM – Су тасқыны салдарынан батысқазақстандық кәсіпкерлер алдын ала мәлімет бойынша 7 млрд теңге шығынға ұшырады.

БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаевтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, облыста 2024 жылғы 22 сәуірдегі «2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу қағидаларын бекіту туралы» №18 ережеге сәйкес жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның сөзіне қарағанда, облыста залалды өтеу үшін өңірлік комиссия құрылды.

«Күні бүгінге дейін шағын және орта бизнес нысандары иелерінен 115 өтініш түссе, соның 9-ы – Сырым, 8-і – Қаратөбе, 8-і – Бөрлі, 38-і – Теректі, 31-і – Бәйтерек ауданы, 21-і Орал қаласының үлесіне тиеді. Келтірілген залал көлемі – алдын ала есеп бойынша 7 млрд теңге. Бұл сан әлі нақтыланады. Аталған аудандар мен Орал қаласында мүлік иесін су тасқыны салдарынан зиян шекті деп тану үшін комиссиялар жұмыс істеп жатыр», - деді Н.Өтепбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, 4 мамырда өңірлік комиссияның бірінші отырысы өткізіліп, онда бағалаушы (10 мекеме) және техникалық тексеру (5) компанияларының тізімі бекітілді.

«Бекітілген компаниялар тізімі жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет көздерінде орналастырылды. Аталған жиынға сонымен қатар «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы Тимур Нақыпбеков пен ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Нұрбол Жаңабеков қатысып, кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген залалды анықтау және өтеу тетіктері талқыланып, ереже талаптары түсіндірілді. Жұмыс сапары барысында Тимур Нақыпбеков пен Нұрбол Жаңабеков су басқан кәсіпкерлік нысандарында болды. Қазіргі таңда мүліктік шығынды өтеу бойынша өтініш беру үшін электронды портал (Е-өтініш) жасақталды. Өтініш беру нұсқамасының видеосы басқарма сайтында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік желілерінде орналастырылды», - деді Нұржан Өтепбаев.

БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Құланбаев келтірілген залалды есептеу және бағалау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Кәсіпкерлердің өтініші аяқсыз қалмайды. Бәрі де қаралып, су тасқынынан зиян шеккені расталса, өтемақы төленеді», - деді М.Құланбаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда су басқан аумақтарда эпидемиологиялық ахуал тұрақты екендігін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар