Батысқазақстандық спортшылар бір жылда 974 медаль жеңіп алды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстанда облыс халқының 42,4 пайызы немесе 294 мыңнан астам адам спортпен тұрақты айналысады.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитовтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, биыл өңір үшін басым спорт түрлері айқындалды.
Бақдәулет Маратұлының сөзіне қарағанда, жүргізілген талдау нәтижесінде облыста 22 басым спорт түрі бекітілді. Олар олимпиадалық, қысқы, пара және сурдлимпиадалық бағыттарды қамтиды. Аталған спорт түрлеріне жүйелі қолдау көрсетіліп келеді.
— 2025 жылдың маусым айынан бастап дене шынықтыру және спорт туралы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес басым және жоғары жетістікті спорт түрлері нақтыланды. Кейбір олимпиадалық емес спорт түрлері олимпиадалық бағыттарға ауыстырылды. Атап айтқанда, пауэрлифтинг ауыр атлетикаға, ал грэпплинг еркін күрес бағытына енгізілді. Бұл өзгерістер облыстың барлық аудандарындағы олимпиадалық және ұлттық спорт түрлеріне де қатысты, — дейді Б.Сәбитов.
Оның айтуынша, сонымен бірге тамыз айынан бастап ұлттық құрама сапына енген спортшылардың ай сайынғы ақшалай төлемдері айлық есептік көрсеткішке байланыстырылып, айтарлықтай артты.
Биыл облыс спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда 352 алтын, 299 күміс, 323 қола, барлығы 974 медаль жеңіп алды. Оның ішінде Азия чемпионаттарында — 60, әлем чемпионаттары мен халықаралық жарыстарда 25 жүлде бар.
Анастасия Тимошенкова, Фатима Сұпығалиева, Ирина Ивановская, Мария Бровкова, Зейнеп Баянова, Даниял Сәбит сынды спортшылар өңірдің спорттық брендіне айналды. Оған қоса облыс құрамасы алғаш рет «Ақбидай–2025» республикалық ауылдық спорт ойындарында жалпыкомандалық III орынға ие болып, тарихи табысқа қол жеткізді.
— Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында спорт мектептері заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, QADAM.AI цифрлық жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе спортшылардың дайындығын талдауға және жеке жаттығу бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді. Алдағы жоспарларымыздың қатарында Жасөспірімдер Олимпиадасы мен Көшпенділер ойындарына лицензия алу, ұлттық спорт түрлерін дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру және тұрғындарды салауатты өмір салтына кеңінен тарту бар. Биылдан бастап үздіктер арнайы рейтинг жүйесі арқылы анықталады. Бұл ереже «Кеңесші» спорт ардагерлерінің қоғамдық бірлестігімен бірлесе әзірленіп, 10 аталым бойынша үздіктерді анықтауға мүмкіндік береді, — деді басқарма басшысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында жаңа стадион салына ма, соны жазған едік.