Батпаққа батқан «Болашақ»: Атырау облысындағы Құлсары тұрғындары балаларын қоларбамен тасуға мәжбүр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Құлсары қаласындағы Болашақ ықшамауданында жол мәселесі шешімін таппай келеді. Жаңбыр жауса, көшелер батпаққа айналып, көлік қатынасы қиындайды. Тіпті жедел жәрдем көлігі тұрғындардың үйіне жете алмайтын жағдайға жеткен.
Жылыой ауданының тұрғыны Бекет Құлбаев әлеуметтік желідегі парақшасында «Болашақ» ықшамауданындағы жолдардың жағдайын жариялады. Оның айтуынша, жаңбырдан кейін көшелер батпаққа айналып, балалардың мектеп пен балабақшаға баруы, тұрғындардың жүріп-тұруы мұңға айналған.
Тұрғындардың бірі баласының ауырып қалғанын, алайда жедел жәрдем көлігі батпаққа байланысты үйіне кіре алмаған айтты. Салдарынан баласын қоларбаға салып, көлік жүретін жолға дейін шамамен бір шақырым жүріп, алып шығуға мәжбүр болған.
Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, Болашақ ықшамауданы 2006–2007 жылдары жер кезегінде тұрған азаматтарға берілген жер телімдері негізінде қалыптасқан. Қала шетіндегі бұл тұрғын алабы жаңадан игеріліп жатқандықтан, халық біртіндеп қоныстанып жатыр.
Әкімдік автомобиль жолдарын асфальттау және тротуар салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленгенін хабарлады. Жобаны «Проектстройинжиниринг» ЖШС дайындаған. Биыл мамырда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
— Жоба аясында жалпы ұзындығы 62,7 шақырым автомобиль жолына асфальт төсеу және тротуар салу көзделген. Жобаның жалпы құны — 14 млрд 447 млн теңге. Қазіргі уақытта оны іске асыруға қажетті қаржыны бөлу мәселесі бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.Мердігерді анықтау үшін 2027 жылдың қаңтар айында мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялау жоспарланып отыр, -деп жауап берді аудан әкімдігі.
Әкімдіктің мәліметінше, 2025 жылы ықшамауданның жекелеген көшелеріне асфальт қалдығы төселген. Биыл да бұл жұмыс жалғасып, жолдарды тегістеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Жалпы Жылыой ауданындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолының ұзындығы — 625,7 шақырым. 2022 жылы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 47,4 пайыз болған. 2022–2025 жылдары 153,6 шақырым автомобиль жолында құрылыс жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде бұл көрсеткіш 72 пайызға, яғни 450,2 шақырымға дейін өскен.
Бұған дейін Жылыой ауданы Құлсары қаласында тасқыннан зардап шеккен көпірдің құрылысы созылып кеткені жөнінде жазған едік. Биыл көктемде әкімдік жұмысты қазанда аяқтауды жоспарланған еді. Алайда мердігер мекеме бірнеше мәрте ауысқандықтан жобаны аяқтау мерзімі жыл соңына ұзарды.