Батыр болу үшін білек те, жүрек те керек – Халық қаһарманы

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Отан қорғау – қасиетті борыш. Ал батыр болу үшін білек те, жүрек те керек. Осы орайда Халық қаһарманы, «Отан» орденінің иегері, «Қазақстанның жүз есімі» жобасының жеңімпазы, ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, полковник Қайрат Үмбетов ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.
None
None

-Қайрат Жарылғасынұлы, сіз қатерлі сағатта басыңызды бәйгеге тігіп, жас сарбаздың өмірін қорғап қалдыңыз. Алдымен осы оқиғаны еске түсірсек?

-Иә, ол оқиға жадымыздан өшпек емес. 2016 жылдың 7 сәуірі еді. Қарағанды облысындағы Қарабас елді мекенінде 6505-әскери бөлімінің кезекті оқу-жаттығу жиыны өтіп жатты. Бұған әскерге он ай бұрын шақырылған жауынгерлер қатысты. Жас сарбаздар оған дейін автомат пен тапаншадан нысана көздеп, өздеріне керекті машықты меңгерген еді. Енді олар жарылғыш граната лақтырып үйренуге келген-ді. Маған сол кезде оқу-дайындыққа жауапты маман ретінде қауіпсіздікті қадағалау міндеттелді.

Сонымен, жаттығу басталды. Алғашқы болып Тараздан келген қатардағы жауынгер Абзал Сұлтанқұлов РГД-5 гранатасын қолға алды. Пәрмен берілгеннен кейін ол гранатасын құлаштап лақтырды. Алайда гранатаның салмағы ауыр болғандықтан, алысқа ұшпай, қарсы соққан желдің екпінімен окоптың жиегіне, үйілген топыраққа түсті. Содан домалап, сарбаз екеуміз тұрған тұсқа жетті. Тәртіп бойынша граната лақтырғаннан кейін сарбаз тұрған жерінде отыра қалу керек. Абзал болса қаруын ұстап, отыра қалды. Жауынгер өзі лақтырған гранатаның табанының астына түскенін білмеді. Енді ол 3-4 секунд ішінде жарылады. Сол сәтте бойымды қандай сезім билегенін білмеймін, оны аман алып қаламын деп соған қарай ұмтыла бердім.

-Сондай кезде өзіме қауіп төнеді деген қорқыныш болған жоқ па?

-Жоқ, ондай ой болған емес. Бәрі қас пен көздің арасында болды. Мен үшін қалай болғанда да сарбаздың өмірін сақтап қалу маңызды еді. Негізі ол бәрін дұрыс істеді. Тек гранатаны алғаш қолға алған соң қобалжыған болуы керек. Сарбазды итеріп жіберіп, кеудеммен жауып үлгеріппін әйтеуір.

Содан не керек, есімді ауруханада жидым. Жанымда тұрғандардан бірінші «Жауынгер аман ба?» деп сұрағаным жадымда. Олар «Аман» дегенде ғана жүрегім тынышталды.

Ауруханада ұзақ емделдім. Денемде гранатаның көптеген жарықшағы бар еді, дәрігерлер соның жартысына жуығын сылып алып тастады. Тек аяғым мен желкемдегі жарықшақтар ағзаның күрделі тұстарында болғандықтан, кейінге қалдырылды. Кейін Абзалдың әке-шешесі келіп, баласын аман алып қалғаны үшін алғысын айтты. Ол кісілермен де жақын араласып кеттім. Алайда мен бұл жағдайды ерлік деп емес, әскери борышым деп санадым. Менің орнымда басқа әскери адам болса, ол да сондай әрекетке барар еді.

-Басқа мамандыққа қарағанда, әскери саланың қыр-сыры көп шығар. Адам балалық шағында арманшыл болады ғой. Кішкентайыңыздан әскери маман болуды армандадыңыз ба?

-Қиялшыл бала болғаным рас. Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов сынды ержүрек адамдардың соғыс туралы кітаптарын қызыға оқыдым. Мамандық таңдауыма сол да әсер етті. Оның үстіне әкем Жарылғасын Сәттібайұлы ұзақ уақыт бойы ішкі істер саласында абыройлы қызмет етті. Жұмыс бабымен Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург), сосын Ташкент облысына ауысып, Шыршық қаласында еңбек етті. Мен осы Шыршықта 1977 жылы дүние келдім. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, әскери машыққа кішкентайымнан үйрендім. Әкем темірдей тәртіптің адамы еді. Әкеміздің өмір жолы бізге үлгі еді. Сондықтан болар, бауырым Азамат та әскери саланы таңдады.

-Ендеше, өмір жолыңызды да айта кетсеңіз?

-Шыршықтағы Жоғары танк командирлерінің инженерлік училищесін тәмамдап, Шымкент қаласындағы 6506-әскери бөлімінде еңбек жолымды бастадым. Сонда батальон командирлігіне дейін көтерілдім. Кейін Щучьедегі Ұлттық қорғаныс университетінде білім алып, Павлодар, Өскемен, Қарағанды облыстарында қызметімді жалғастырдым. Магистратураны бітіргеннен кейін Шымкенттегі сол 6506-әскери бөліміне командир болып қайта келдім.

Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, соның салдарынан қазіргі Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бірнеше ауылды су басып кетті. Сол кезде дереу оқиға орнына аттанып, сарбаздарды қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырдық. Елді мекендерге кіреберісте 8 бақылау-өткізу бекеті жасақталып, ұландықтар полиция қызметкерлерімен бірге тексеру жұмыстарын жүргізді. Су басқан ауылдарда әскери жасақтар үш ауысым бойы қызмет атқарып, қырағылық көрсетті. Соның басы-қасында жүруге тура келді.

Мұны неге айтып отырмын, өйткені Отанды қорғау – әрбір азаматтың міндеті, перзенттік парызы. Сондықтан оны әрбір адам білуі тиіс. Бабаларымыз «Отанды сүю – иманнан» деп бекер айтпаған. Қазіргі жастар иманды, білімді. Олар тәуелсіздіктің қадірін жақсы біледі. Бойларында отансүйгіштік рух атойлап тұр. Оны Отан алдындағы міндетін өтеуге келген жас сарбаздардан көремін. Ең бастысы – өзіңе сенімді болу және жеке құрамға сенімді болу керек. Сонда ғана артыңнан сарбаздар ереді. Жеке құрам елжанды, ұлтжанды болса, алынбайтын қамал болмайды.

Ұлтымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының «Командир – жеңістің әкесі» деген сөзін есімнен шығарған емеспін. Басқа офицерлік қызмет бір төбе де, командир болу бір төбе десек, қателеспейміз. Өзіңе сеніп тапсырылған жеке құрамның әр жауынгеріне жауаптысың. Өзің барлық жағынан үлгі болуға тиіссің. Командир өзі де батыр және жеке құрамды батылдыққа үндеуге тиіс. Өйткені, артыңда жауынгерге сенген ел тұрады.

-Сөз соңында өз отбасыңызға тоқтала кетсеңіз?

-Менің офицерлік өмір жолымның ыстық-суығына бірге төзіп, қуанышымды бөлісіп келе жатқан жарым Гүлмира Әділбекқызы үйдің берекесі десем, артық айтқаным емес. Балаларымыздың үлкені Ұланымыз Орал қаласындағы физика-математика мектебінде оқиды әрі «Ястребы» хоккей үйірмесіне қатысады. Алан балабақшада. Әнел есімді кішкентай қызымыз да өсіп келеді.

Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

-Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар