Батыр қыздарды қаруымен бірге жерлеген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ тарихынан әйел-аналарымыздың қандай құрметке ие екенін, қазақ батырлары мен хандарын тәрбиелеудегі, жалпы, ұлтты тәрбиелеудегі маңызды тұлға саналғанын жақсы білеміз. Осы орайда Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілмен қазақ тарихындағы әйелдердің рөлі жайлы әңгіме өрбіткен едік.
None
None

- Сұхбатымызды негізінен осы қазақ тарихындағы қыздардың рөліне арнамақ едім. Сіз қалай ойлайсыз, қазақ әйелінің қоғамдағы орны қандай болған?

- Бір тарихи заңдылық бар - әйелдердің экономикадағы рөлі неғұрлым зор болса, қоғамдағы рөлі соғұрлым салмақты. Көшпелі халықтардың көбінде әйелдердің шаруашылықтағы орны өте жоғары болды. Тарихымыздың қай кезеңін алып қарасақ та, әйелдердің саяси және қоғамдық өмірдегі белсенділігіне көз жеткіземіз. Сақ тайпаларында әйелдер еркектермен қатар ел билеген. Томирис, Зарина сияқты билеуші әйелдер тарихи жазба деректерде есімдерін қалдырды. Белгісіз патшайымдар қанша екенін де біз білмейміз. Осы дәстүр үзілмей, қазақ қоғамына дейін жетті. Әрбір тарихи жылнамалар беттерінде қалған билеушінің жанында міндетті түрде әйел тұр. Өкінішке қарай, көбінің есімдері тарихта қалған жоқ. Бірақ халықтың «ақылды әйел жаман еркекті төрге сүйрейді, ақылсыз әйел жақсы еркекті көрге сүйрейді» деген даналық сөзі бекер емес. Әбілқайырдың жары Бопай, ресей тарихшысы А.Левшин жазғандай, күйеуімен қатар ел билеген, оның өз жеке мөрі болған дейді. Ал мөр деген шығыс халықтарында - саяси биліктің белгісі.

- Қазақтың хандарын, батырларын тәрбиелеп шығарған атақты аналар жайлы не дейсіз?

- Орта ғасырда телевизор, компьютер болмағасын бала үшін жалғыз ақпарат көзі - оның анасы болатын. Сондықтан тәрбиенің негізінде ана тәрбиесі болатын, адамның құндылықтар жүйесінің фундаментін аналар қалайтын. Оны түсінген қазақтар ананы ерекше құрметтеген. Мысалы, Домалақ-ананы алайық. Есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі. Ел ішіндегі деректерге қарағанда, оған «Дихнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара Хайдар деген кісі қойған. «Дихнат мама» - парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағына береді. Одан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылымен ерекшеленіп, ел билеген. Қаракесек руының «Қарқабат» деген ұраны да ана атымен аталған. Қарқабат - Мейрамсопының кіші әйелі, Болатқожаның шешесі. Ананың атын ұран қылу - үлкен құрметтін белгісі.

- Қазақ ауыз әдебиетінде Қабанбай батырдың жары Гауһар батыр айтыпты деген мынадай сөз бар: «Атаңның ұлы болып тума, еліңнің ері болып ту». Тарихта Гауһар батыр сияқты жауға қарсы шапқан қыздар жайлы қандай нақты мәліметтер бар?

- Өкінішке қарай, жазба деректерде батыр қыздар жөнінде нақты мәліметтер өте аз. Бірақ ауыз әдебиетінде, аңыздарда көп кездеседі. Абылайдың қызы Айтолқын, үйсін Қаратай батырдың қызы, Олжабай батырдың анасы Есенбике, Қабанбай батыр мен Гауһар батырдан туған қаһарман қыз Назым, атақты Бұланбай батырдың жары Айбике, алшын Ақбикеш, найман Жандәлі, Есет батырдың қызы Ботагөз - бұл тек қана белгілі есімдер. Бұған таң қалатын ештеңесі жоқ. Мысалы, сақ дәуірінде тұрмысқа шықпаған қыздардан арнайы әскери топ жасақталған. Сол топ патшайымның гвардиясы болып есептелген, соғыстарға да қатысқан. Қаза тапқан батыр қыздарды еркек сияқты қаруымен бірге жерлеген, тек бір айырмашылығы бар - қабіріне қолайна салатын. Осындай молалар Қазақстан жерінде көптеп табылды. Ал тұрмысқа шыққан кезде сондай ержүрек қыздарды әке-шешесі емес, патшайымның өзі ұзатқан, сондықтан жауынгер қызға үйлену өте үлкен құрмет болып есептелген.

Ислам дінін қабылдағаннан кейін қыздардан әскери топ жасақтау тоқтатылды, бірақ жекелеген осындай фактілер кездесіп тұрды. 13 ғасырда Дели сұлтандығында қыпшақ Елтұлмыш сұлтанның қызы Рәзия таққа отырып, ел билеген. Жазба деректердің айтуынша, ол сауыт киіп, әскерін өзі бастап жүрген. Шайқастарға қатысқан. Жалпы, бүкіл Үндістанды қару күшімен біріктірген. Толық есімі - Джалаат ад-дин Разия-султан бинт Илтутмиш.

Он сегізінші ғасырда Пугачев көтерілісі басылғаннан кейін қазақтың арасында Көрінбес Көктемір деген адам Пугачевтің ісін жалғастырып, жұртты ресей саясатына қарсы көтереді. Ол - үлкен әскер жинап, орыс бекіністерін қоршап, башқұрттарға қарсы бірнеше жорық ұйымдастырған Мәтенқызы Сапура деген жас келіншек болатын. Ол бүкіл әрекеттерін әулие Көрінбес Көктемірдің атынан жасаған, өзі тек қана сол жалған әулиенің өкімдерін халыққа таратып жүрмін деген.

Осындай ерлігі жұртқа аңыз болып тараған батыр қыздар елге қауіп туғанда еркектермен бірге қанды жорықтарға қатысып, айрықша ерлік көрсеткенін ұмытпаған ләзім.

- Әңгімеңізге рақмет

Сұхбаттасқан Жанат Қапалбаева

Соңғы жаңалықтар