«Батыс Алашорда» ғылыми-зерттеу орталығын ашу ұсынылды

Бұл туралы бүгін Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен «Алаш аманатын арқалаған...» атты ерлі-зайыпты тарихшылар, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқытушылары Сайлау мен Дәметкен Сүлейменовтермен кездесуде айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Дәметкен Сүлейменованың айтуынша, осындай орталық Семейде 2008, Алматыда 2009, Астанада 2011 жылы ашылып, жұмыс жасап келеді. Биыл Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай көптеген шаралар жоспарлануда. Соның ішінде 13 Алаш қайраткерінің мерейтойы бар. Дегенмен Алаш қозғалысын жан-жақты зерттеу бағытында қолға алынатын жұмыстар әлі де баршылық. Мысалы, қазіргі кезде Мәскеуде Алаш қозғалысына байланысты істер арада бір ғасыр өткендіктен, Федералдық қауіпсіздік қызметінен алынып, мемлекеттік мұрағатқа берілуде. Яғни оларды қайта қопарып, зерттеуге мүмкіндік бар деген сөз. Алайда бұл барлық кедергілер алынып тасталды дегенді білдірмейді. Оралдың өзінде Алашордаға байланысты істер бұрын ҰҚК департаментінде болса, қазір олар ішкі істер департаментінің мұрағатына бердік, дейді. Ішкі істер департаменті болса, «Ол құжаттар бункерде жатыр», деп ізденушілерді кіргізбейді.
«Жалпы, мен алаштану ісімен 1997 жылдан айналыса бастадым. Ол кезде Ж.Досмұхамедов атындағы педколледжде кафедра меңгерушісі едім. Елбасының Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы жариялануына байланысты Батыс Алашорда көсемдерінің бірі Жаһанша Досмұхамедовті зерттеуге бел будық. Сайлау екеуміз алдымен ол кісінің ұрпақтарын таптық. Жаһаншаның туыстарының көпшілігі қуғын-сүргінге түсіп, Орынбор, одан да әріге асып кеткен екен. Осылай жалғаса берген ізденушілігіміз ғылыми диссертацияға ұласты. Ғылыми жетекшім, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаев болса, академик-ғалым Кеңес Нұрпейісов мені өз қызындай көрді. Ол кісі: «Жалғыз Жаһанша емес, Батыс Алашорданы зерттеу тақырыбы етіп ал», деді. Кейін: «Шығыс Алашордасынан да, Батыс Алашордасынан да, Түркістан мұхтариатынан да кандидаттық диссертациялар қорғалып, монографиялар жазылды. Енді «Алаш» энциклопедиясын шығару қажет», деп аманаттады. Сондықтан Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай энциклопедияны шығаруға болар еді, материалдары дайын. Жалпы, Алашорда - күрделі тақырып, оның қыр-сырын түгел ашу оңай емес. Ал Алаш арыстарының барлық арман-аңсары орындалды ма? дегенге келсек, алаштанушы ретінде білім жағынан алғанда, толық орындалды деп айта алмаймын. Өйткені І жалпықазақ съезінінің өзінде Алаш қайраткерлері жер, мемлекеттік басқару жүйесі, саяси оқиғаларға баға берумен қатар білім саласына да баса мән берді. Еуропа, көршілес Ресей еліндегі жағдаймен салыстыра отырып, алға басудың жолдарын белгіледі. Айталық, білім беру жүйесін балабақшадан бастау керек деген олар Орынборда оқулықтар да жазып шығарды. Бұл кітаптар пайдаланылды да. Қазіргі кезде оқулықтар жазылып жатқанымен, бұлардың бәрі бірдей халық көңілінен шығып жатқан жоқ. Қаншама қиын-қыстау кезеңде өмір сүріп, талай рет қуғындалса да, елі үшін, жері үшін жан аямай күрескен Алаш қайраткерлерінің өнегелі ісін жалғау - қазіргі ұрпақ борышы», - деді Дәметкен Досмұханқызы.
Жүздесуде сондай-ақ Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков сынды бірегей тұлғаларды зерттеп, «Арманың үндес еді Ақ Жайықпен», «Даласына лайық дарын», «Аққу махаббат», «Биікке самғайтын құс» атты кітаптар шығарған Сайлау Хамитұлының өлке тарихына қосқан үлесі аталып өтілді. Оның қаладағы оқу орындарында ұстаздық етумен бірге «Елім-ай» қайырымдылық қорын ашып, жетім балаларға қолұшын бергені ұмытыла қойған жоқ. Сонымен қатар КСРО-ның және Қазақстанның құрметті доноры атанған Сайлау Сүлейменов қан беруден де тартынған емес.
Кеш барысында ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, Қадыр орталығының директоры Бауыржан Халиолла, Айтқали Нәріков, Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов және басқалар ерлі-зайыпты тарихшыларға елдің ізгі тілегін жеткізіп, танымал әртістер әуелете ән орындап, күй шертті.