«Батыс барынша көз тiгіп отыр» - баспасөзге шолу

« Егемен Қазақстан » газетiнiң бүгiнгi санында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапары кеңiнен баяндалады.
«Мемлекет басшысы облыстың кәсіпкерлерімен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен әңгімелесіп болғаннан кейін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық оң көрсеткіштерін атап өтті. - Оңтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешені үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту ісіне жан-жақты қолдау көрсетіп, қажетті қаражат бөлуде. Бес жылда өңірде 2,3 миллион тонна көкөніс өндірілді. Қазақстанда мұндай жоғары көрсеткіштері мен табиғи жағдайлары бар басқа өңір жоқ. Қазір біз Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекарамызды ашып жатырмыз. Осыған байланысты бізге өзімізді ғана емес, көрші елдерді де өніммен қамтамасыз ету қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы әңгіме барысында елімізде көлік инфрақұрылымын дамытудың қажеттігіне де назар аударды. - Егер елде жақсы жолдар болмаса, сауда дамымайды, сәйкесінше экономика да өркендемейді. Сондықтан біз қазір республиканың барлық өңірінде көлік желілерін салып жатырмыз, мыңдаған жұмыс орындары ашылуда. Әр өңірдің алдына нақты міндеттер қойылған, соны орындау жұмыстарын жалғастыру қажет, - деді Елбасы», - делiнген « Мүмкiндiк деген мiне, осы! » атты мақалада.
« Айқын » басылымының бүгiнгi санында Батыс байқаушыларының Қазақстандағы кезектен тыс президенттiк сайлауға қатысатындығы жайында мәлiмет таратылды.
«Батыс байқаушылары Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлаудың ашық және әділ өтетіндігінен үміттенеді. Өз кезегінде Қазақстан ЕҚЫҰ байқаушыларынан сайлау науқанына әділ баға беруін күтеді», - делiнген « Батыс барынша көз тiгіп отыр » атты мақалада.
Газеттiң хабарлауынша, кеше еуропалық белді ұйымның маманданған бюросы өз миссиясын ашып, еліміздегі президенттік доданы байқауға белсене кірісті. Миссия басшысы Корнелия Йонкердің айтуынша, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ұлықсатын алған делегация елге ендігі жетті. Миссия құрамында 12 эксперт бар, олардың барлығы Астанада жұмыс жасайды. Мұның сыртында 30 ұзақмерзімді байқаушылар кіріп отыр екен, олар 31 наурыздан бастап, бүкіл еліміз бойынша бөлініп, өңірлерге аттанып кетеді.
«Бізде сондай-ақ ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің өкілдері саналатын 400 қысқамерзімді байқаушы бар, олар тек 25 сәуірде, сайлау өтетін күн қарсаңында келеді. Олар бүкіл Қазақстан бойынша екі адамнан құралған көпұлтты командаларда жұмыс жасайды. Олар тек тікелей дауыс беру процесінің өту барысын, сосын дауыс санауды және қорытындыларды шығаруды бақылайды. Сайлау өткеннен кейін де миссия мамырдың басына дейін елде қалады: олар сайлау өткеннен кейінгі елдегі жағдайды анықтайды» деді К.Йонкер ханым.
« Айқынның » « Сурет те сөйлейдi » атты келесi мақаласында 1812 жылы Ресей мен Франция арасындағы соғысқа қазақ жауынгерлерінің қатысқандығы туралы қызықты деректер келтiрiледi.
«Сол соғыстың жылнамашысы Н.Гарнич өзінің күнделігінде «Қазақ жауынгерінің қолынан шыққан шашақты жебе жаудың тамағына немесе көзіне барып қадалатыны бізді де таңғалдырады. Олардың ат үстінде жүріп дәлдеп атуға машықтанғаны соншалықты, шауып келе жатып та 15 метр жерден адам түгіл, астындағы атының көзіне дәл тигізеді» десе, шайқас даласында тұтқынға түсіп қалған Наполеон армиясының унтер-лейтенанты Эдуард Рюпель әрбір полкте 400-500 жауынгер бар екенін, олардың бәрі моңғолтекті, көзі қысық, кең иықты екенін айтқан. Француз генералы Де Марбо кейінірек естеліктерінде «Бұлар орыс тілін де, француз тілін де білмейді. Бірақ майдан даласындағы ерліктеріне қарасаң, анасының жатырынан қару ұстап туған тәрізді. Бұрын біз көрмеген қысық көз, найзалы жауынгерлер ойламаған жерден шабуылға шығуға дайын тұрады. Олар бізге көп шығын алып келді» деген жазба қалдырыпты. Бұл жерде әңгіме әлдебір саяси мүдде емес, майдан даласындағы қазақтар және оған қарсы жақтың назар аударуы болып тұр. Мысалы, сол соғысқа кірер алдында болашағын білмек болып алдына барған Наполеонға жұлдызшысы «Сенің ажалың жылқының етін жеп, сүтін ішетін қысық көз жауынгерден болады» деген көрінеді. Атақты француз қолбасшысының Ресейде емес, алыстағы аралдардың бірінде көз жұмғанын білеміз. Бірақ 1812 жылғы соғыс оның әскери ғұмырына нүкте қойғаны да, онда біздің қазақ жауынгерлерінің қолтаңбасы болғаны да ақиқат», - делiнген материалда.
Ер адамның өлген барыстың жанында түскен фотосуретi барша Казнет пайдаланушыларын дүр сiлкiндiрдi, деп жазады ресми тiлде шығатын «Экспресс К» басылымы.
Барлық әлеуметтiк желiлердiң пайдаланушылары Қызыл кiтапқа енген өте сирек жануарды атып алуға кiмнiң жүрегi дауалағанын iздеп әлек. Көп ұзамай, оның Мәскеудегi кәсiпкерге және танымал риелторға ұқсайтындығы анықталды.
«Бiзде Алматыда қар барысының саны 200-ге жуықтайды», - дейдi Snow Leopard Fund қорының директоры Ирина Логинова. - Менiңше браконьерлердiң қатарында бай және танымал адамдар бар. Қар барысына аңға шығу үлкен қаражат талап етедi. Әрине, олар оны аңдып жүрiп, атып ала алмайды. Аңға қақпан салады, кейiн ол ұсталғанда аяусыз алыстан атып алады. Аңшылықтың бар түрi осы».
Газеттiң хабарлауынша, барысты ату қылмыстық жауапкершiлiкке жатады және браконьерлерге 8-9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы ықтимал. Толығырақ, «Кто ответит за барса?» атты мақаладан оқи аласыздар.