«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны бойында сервистік қызмет көрсету жанданып келеді - Қызылорда облысы

Бекітілген техникалық тапсырмаларға сәйкес эскиздік жобалар әзірленіп, облыстық сәулет және қала құрылысы кеңесінде мақұлданды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде Шиелі ауданы көне Сығанақ шаһары маңында 70 адамға арналған дәмхана, 20 адамдық қонақүй, 4 көлікке арналған бокс, автотұрақ, көне қалаға экскурсия жасау үшін 10 мініс атқа арналған атқора, су ұңғымасы және терек бағы бар «Сығанақ» сервистік кешені жұмыс жасап тұр. Кешен жанынан май құю бекетін салу мүмкіндіктері қарастырылуда.
Күре жолдың 1624 шақырымында Қорқыт Ата мемориалдық кешенінің жанынан «Жолқұрылыс» ЖШС-інің «Қорқыт Ата мінәжат ету орталығы» жобасының құрылысы аяқталды. Ол жерде 20 орындық қонақ үй, 60 адамға арналған мешіт, 150 орындық ас беретін орын, дүкені мен шеберханасы, киіз үй қалашығы, техникалық қызмет көрсету орталығы орналасқан. Жобаның құны - 450 млн. теңге. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында сыртқы инженерлік желілерді жеткізу үшін 197,3 млн. теңге қаржы бөлінген.
Халықаралық жолдың 1999 шақырымында Жаңақорған және Шиелі кенттері қиылысатын жерде «НұрлықұрылысҚазақелі» ЖШС 10 гектар жерді заңдастырып, жоба әзірледі. Ал 2044 шақырымда Жаңақорған ауданы Бесарық ауылдық округінің маңайында жеке кәсіпкердің май құю стансасы, дәмхана, жел беру-желімдеу шеберханасы орналасқан. Кешенді қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу туралы ұсыныс жолданды. Сұлутөбе, Бәйгеқұм ауылдарында орналасқан май құю бекеті иесіне қайта жаңғырту бойынша ұсыныс берілді, делінген хабарламада.