«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық жолының сапасы әлемдік талаптарға сай болады - «Жол сапа» компаниясының директоры

; АЛМАТЫ. Шілденің 8-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Құрылысы қыза бастаған «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық жолының сапасы әлемдік талаптарға сай болады. Өйткені бақылау мен талап күшті. Мәселен жоба аясындағы жол сапасы 5 деңгейлі бақылаудан
None
None

өткізіледі. Ең негізгі бақылауды тендер арқылы анықталған бақылаушы компаниялар жүзеге асырады. Қазіргі кезде құрылыс жүргізіліп жатқан Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе облыстарындағы учаскелерде
бақылауды шетелдік СМЭК, Дар Эль хандаса, Дон сонг, Исан, Ролтон, Двуг пен қазақстандық қос компания «Қазжолжобалау» мен «Жол сапа» ЖШС-і жүзеге асыруда. Бұл компанияларға құрылысқа пайдаланылатын материалдарды, сондай-ақ құрылыс аяқталған соңғы бақылауды тексеру жүктелген. Бақылау қалай жүзеге асырылады, қазірге дейін салынған жолдың сапасы қалай сынды сұрақтар бойынша бақылаушылардың бірі «Жол Сапа» компаниясының директоры Болатбек Айтбаевпен сұхбаттасқан едік.

-Болатбек мырза «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының ертеңі оның сапасына байланысты. Жол сапалы болса, онда мақсат орындалды деген сөз. Жалпы жолдың сапасына баға беру ертерек шығар, десек те маман ретінде қазіргі жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына қалай баға бересіз?

- «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасындағы мердігерлерге қойылып отырған ең басты талаптардың бірі жолдың сапалы болуы. Бұл ретте мердігерлерге жолдың сапалы болуы туралы талап қойылумен қатар жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары бірнеше сатылы жіті бақылаудан өткізіледі.

-Мәселен, қандай?

- Мәселен, ең әуелі инженерлік қызметтің бақылауы яғни жолдың сапасын бақылаумен айналысатын компаниялардың тексеруі, сосын облыстық департаменттер, облыстық жол лабораториясы, министрліктің автомобиль жолдары комитеті одан кейін қоғамдық емес ұйымдардың, мысалы «Нұр Отан» партиясы партиялық бақылауы арқылы бақыланады. Ең соңында мемлекеттік комиссия тексеріп алады. Осының бәрі жолдың сапасының, оған бөлінген қаржының, тағы басқа жұмыстардың дұрыс жүзеге асуын жан-жақты бақылайды. Ал жалпы жүргізіліп жатқан құрылыс сапасына келсек, бұл жобада ең заманауи технологиялар пайдаланылып жатыр. Мысалы осы жобада мердігер компаниялар қолданып жатқан асфальтбетоннның зауыттарының жүйелері тек электрондық бақылаумен жүзеге асырылады. Мысалы шағалтастар мен құм қосылған құрғақ қоспаға соған қаншалықты битум қосатыны компьютер бақылайды. Бұл шығарып жатқан материалдардың сапасын арттыруға үлкен көмек береді. Замануи асфальт төсеу, тегістеу техникасы да жолдың тегістігіне, қалыңдығының талапқа сай болуына яғни сапалы болуына үлкен көмек береді. Жол құрылысына пайдаланылатын барлық материалдар да бақылаущы компаниялардың лабораторияларында жіті тексеруден өткізіледі. Бұнымен қатар жобада ең үздік мердігер компаниялар жұмыс істеп жатыр. Ондағы мамандардың кәсібилігіне еш күмән жоқ. Менің ойымша бұлардың барлығы жолдың сапасы өте жоғары деңгейде болатынына кепілдік береді.

-Өзіңіз атап өткендей жолдың сапасын бақылау ең әуелі бақылаушы компаниялардың көмегімен жүзеге асырылады. Бұл компаниялар бақылауды қалай жүзеге асырады?

- Ең бірінші бақылау мердігерлер лот бойынша ұтып алған учаскелерде жүзеге асырылады. Онда мердігерлердің замануи талапқа сай жабдықталған жеке бақылау лабораториялары бар. Соларды пайдалану арқылы бақылаушы компаниялардың инженерлері жолға пайдаланылатын материалдардың сапасын зерттейді, яғни материалдарды қолдану алдында тексереді. Бүкіл материалдар осылай жіті тексеруден, зерттеуден өткізеді. Технологиялық талаптарға сай келмесе пайдалануға рұқсат берілмейді. Одан кейінгі кезең операциялық бақылау деп аталады яғни жолдың тегістігі, қалыңдығы зерттеледі. Бұған да арнайы жабдықтар пайдаланылады. Бұнда да төселген асфальттың қалыңдығы, тегістігі талапқа сай келмесе қабылданбайды.

-Жол сапасын бақылау, жалпы жол құрылысы қандай стандарттар бойынша жүзеге асырылып отыр?

- Жалпы жол құрылысының стандарттары шет елдің ФИДИК деген стандартымен жүргізіліп жатыр. Бұл стандарт менеджмент жүйесі, жобаны басқару жүйесі, мердігерлер мен тапсырыс берушілер арасындағы қарым-қатынасқа негізделген стандарт. (Инженер жол мамандары мен кеңес берушілер қауымдастығының стандарты). Ал жолды бақылау жүйесі Қазақстандық СТ РК стандартына сәйкес жүзеге асырылады.

-«Жол сапа» компаниясы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасының сапасын бақылауға жіберілген қазақстандық екі компанияның бірі. Осындай ірі жобаны бақылауға қазақстандық компаниялар қалай таңдалып алынды?

- Біздің компания 2005 жылы құрылған. Алғашқы жұмыстарымыз 2006 жылы Самара-Шымкент тас жолының Ақтөбе облысының Қобда ауданы арқылы өтетін 525-590 шақырымындағы жол сапасын бақылаудан басталды. Бұл жобаны 2008 жылы сәтті аяқтап, тапсырдық. Бұнымен қатар 2006 жылдан бастап бірнеше респбуликалық жобаларды жүзеге асыруға қатыстық. Ал Батыс Еуропа - Батыс Қытай бойынша наурыз айынан бастап бірнеше шетелдік компаниямен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Жамбыл облысында австралиялық СМЭК компаниясымен бірігіп 3 лотты, Қызылорда облысы бойынша 1 учаскесінде оңтүстіккореялық Исан компаниясымен бірігіп 4 лотты, тағы бір оңтүстіккореялық Донсонг компаниясымен 3 лотта бақылау жұмыстарын жүзеге асырудамыз. Компанияда 72 жоғары білімді инженер жұмыс істейді. Ал жол сапасын бақылауға жіберілгенімізге келсек, шетелдік компаниялармен тәжірибеміз де, мүмкіндіктеріміз де бір. Маманданған саламыз да осы. Оның үстіне «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасын жүзеге асыруда отандық үлеске басымдылық беріліп отыр. Байқасаңыз барлық жерде жергілікті және қазақстандық мамандардың үлесі басым.

- Жалпы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы Қазақстанға не береді. Маман ретіндегі пікіріңіз?

- Бұл өте үлкен жоба. Бұл жобаның игілігін тек жол құрылышылары ғана емес бүкіл халық көреді. Құрылыс жүргізіліп жатқан облыстарға қазірдің өзінде үлкен мүмкіндік беріп жатыр. Мысалы мыңдаған жұмыс орындары ашылып жатыр, басқа да экономикалық әсерін көрсетіп жатыр. Қазақстанға жол құрылысына қажетті жаңа техниканың көпшілігі осы жобаның арқасында келіп жатыр. Қазақстандық компаниялардың тәжірибе шыңдауына үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Сондықтан бұл жобаны тек жақсы жағынан қарауымыз керек.

-Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар