«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің 606 шақырымын салу аяқталды - ҚР Көлік және коммуникациялар министрі

АҚТӨБЕ. 4 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтөбе облысына Мемлекет басшысының Жолдауының қағидаларын түсіндіру мақсатында Көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев келді.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің 606 шақырымын салу аяқталды - ҚР Көлік және коммуникациялар министрі

Ол облыстық әкімдікте көліктік сала кәсіпорындары басшыларының қатысуымен кеңес өткізді.

Министр Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін іске асыру барысы, «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», аймақтарды, шағын қалаларды дамыту бағдарламаларының іске асырылуына ауқымды өту жайы баяндап берді.

Елдің көліктік-коммуникациялық кешенін дамыту бойынша жұмысқа ерекше назар аударылды.

«Жылдың аяғына дейін біз «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» магистралінің 700 шақырымын тапсыруымыз керек. Бүгінде жолдың 606 шақырымы аяқталды, қалған 94 шақырымды таяу екі айда аяқтап, толық тапсырамыз. Жолдың сапасы жақсы болады», - деді министр.

А.Жұмағалиевтің айтуынша, жалпы алғанда елде құрылыс жұмыстары көлік магистралінің 1621 шақырымында жүргізілуде, оған барлығы 87 отандық және шетелдік компаниялар жұмылдырылды.