Батыс Қазақстан аумағында ауыр қылмыстар жасаған топ мүшелеріне сот үкімі шығарылды

ОРАЛ. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан аумағында ауыр қылмыстар жасаған топ мүшелеріне сот үкімі шығарылды,
None
None

 деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы жылдың қаңтарында Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылындағы жанар-жағар май құю бекетіне шабуыл жасаған қарақшылар 126 мың теңгені қалтаға басып, із суытқан еді. Кейін анықталғанындай, бұл қылмысты Юрий Сламихин құрған топ жасаған. Ю.Сламихин мен оның серіктері Т.Қойбағаров пен Б.Шалабаев құрықтау кезінде тәртіп сақшыларына қарулы қарсылық көрсетіп, төрт полицейге пышақпен дене жарақатын салады. Кейін топтың бостандықта жүрген екі мүшесі К.Хамидуллин мен А.Кенжин Оралдан Атырауға кетіп бара жатқан жолаушылар көлігінің салонында жанжал шығарып, оңды-солды пышақ сермеп, шолақ мылтықтан оқ та атады. Ақжайық ауданы Ақсуат ауылдық округі аумағында жасырынып үлгерген бұл қарақшылар да полиция қызметкерлеріне қарсылық жасаған. Тінту барысында олардын Калашников автоматы, бір граната, шолақ мылтық, бірнеше пышақ пен оқ-дәрі тәркіленді.

Батыс Қазақстан облыстық соты істі қарап, Ю.Сламихин мен А.Кенжинге - 18 жыл, қалған үшеуіне 16 жыл жаза кесті.

Бір қылмыстық іске нүкте қойылғанымен, Оралда тағы бір жантүршігерлік қылмыс тіркелді. Облыс орталығындағы тергеу абақтысында бақылаушы-инспектор болып жұмыс істейтін Артур Кәкімовке белгісіз біреулер екі жерден пышақ сұғып, өлтіріп, мүрдесін өзінің «Ниссан Примера» автокөлігімен бірге өртеп жіберген. Маусымның 26-сында орын алған бұл қанды оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар