17:37, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті сессиясында өзекті мәселелер талқыланды
ОРАЛ. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Ақпанның 11-інде Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті, 11-сессиясы болып, онда өңірге қатысты өзекті мәселелер талқыланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сессияда денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, білім беру, жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жаңарту, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау және басқа бағыттағы аймақтық бағдарламалардың орындалу барысы туралы сала басшыларының баяндамалары тыңдалды. Ал биылғы облыстық бюджет республикалық қазынадан түсетін қосымша қаржы келгеннен кейін нақтыланатын болды.
Сессияда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қысқаша сөз сөйлеп, өңірдегі атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы ертең толық есеп беретінін еске салды.
Облысқа келген халық қалаулылары атынан сөз алған Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыпов дағдарыстан шығу жолдары, бұл орайда Елбасы ұстанған бағыт, банкілерді, шағын және орта бизнесті қолдау, халықты азық-түлік өнімдерімен қамту, инновациялық жобалар төңірегінде өз ой-пікірін білдірді.