Батыс Қазақстан облысында 40 жаңа мектеп салынады

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 2022-2025 жылдары 40 жаңа мектеп салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің мәлім еткеніндей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында жобалық қуаты 18 мың орынға (екі ауысымда 36 мың оқушыға) есептелген 18 мектеп бой көтермек.

Үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында Орал қаласында - 10, Бөрлі, Бәйтерек, Жаңақала, Теректі аудандарында 8 білім ордасы ғимаратының құрылысы жүргізіледі.

Б.Нарымбетовтің сөзіне қарағанда, бұдан бөлек елді мекендерде шағын жинақты 16 мектеп салынады. Оның 15-і «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік инвестциялары, біреуі жергілікті бюджет қаржысы есебінен тұрғызылады. Қазіргі таңда Теректі ауданының Пойма ауылында, Қаратөбенің Шалғынында осындай мектеп құрылысы басталып кетті. Бұл бағытта аталған екі мектепке 108 және 60 орынға арнайы жобалық-сметалық құжаттама жасалды, қалған 14 мектептің мердігерлері жақын арада анықталады.

«Сонымен қатар жергілікті қазына есебінен 6 мектеп бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл Бәйтерек ауданының Жамбыл, Щапов, Оралдың Меловые горки, Казталовтың Сарықұдық ауылдарында жаңа мектептер есіктерін айқара ашты. Алдағы уақытта тағы 2 мектептің құрылысы аяқталмақшы. Осылайша, Ақ Жайық өңірінде 2022-2025 жылдары қаражат көзі нақты шешіліп отырған 40 жаңа мектеп ашылады», деді Б.Нарымбетов.

БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, облыста 379 мектепте 118 334 оқушы білім алуда. Сол білім нысандарының 198-і немесе 52,2 пайызы 1980 жылға дейін салынған. Бейімделген ғимараттарда 121 мектеп орналасса, оның 48-і саманнан салынған және апатты жағдайға жақын тұр.

Күні бүгін облыста 11 апатты, 9 үш ауысымды мектеп бар. 5 639 оқушы орны жетіспейді. Тек соңғы 10 жылда оқушылар контингенті 30 мыңнан астам балаға өсті. Бұл білім ордаларына үлкен күш түсіріп отыр.

«Жаңадан салынатын мектептерде оқушылар мен педагогтар үшін барлық жағдай жасалатын болады. Бастауыш және жоғары сынаптар үшін бөлек блоктар қарастырылып, жаңа үлгідегі жиһаздар, яғни трансформер парталар мен пән кабинеттері, әмбебап акт залы, қауіпсіздік шараларымен толық қамтылады. Спортпен шұғылдануға, сабақтан бос уақытта демалатын және кітап оқуға, шығармашылықты дамытуға арналған зал-бұрыштармен жабдықталады. Педагогтар үшін кабинеттер, кәсіптік орындар, қосымша оқуға немесе кеңестер өткізуге арналған залдар, әр кабинетте интернетке бөлек қосылған компьютерлер болады. Жаңа мектептерді педагогикалық кадрлармен қамтуда тиісті жұмыстар жүргізіледі», деді А.Мыңбаева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жаңа мектеп пайдалануға берілгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар