Батыс Қазақстан облысында 4300-ден астам түлек ҰБТ тапсырмақшы

БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, ҰБТ өңірде 22 маусымда басталады.
Тестілеу Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым аудандарында және Оралда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өтеді.
Алғашқы болып сынақты жаңақалалық және жәнібектік түлектер бастайды.
М.Өтемісов атындағы БҚМУ жанындағы ҰБТ филиалының сарапшысы Шыңғыс Ақшиевтің айтуынша, аталған оқу орнында түлектер 26 маусым және 3 шілде аралығында 8 лек болып тапсырады. Сынақтан қала және Бәйтерек ауданының, сондай-ақ былтырғы және биылғы колледж түлектері (барлығы 2066) өтеді.
«ҰБТ кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы керек. ҰБТ 5 пән (3 міндетті және 2 бейінді) бойынша қағаз жүзінде өткізіледі. Тест тапсырмаларының саны – 120. Ең жоғары балл – 140. Дегенмен жаңалық-өзгерістер де жоқ емес», деді ҚазАқпарат тілшісіне Шыңғыс Ақшиев.
Атап айтқанда, жаңалықтар мынадай:
-тұлғаның бет-әлпетін тану көмегімен (Face ID) сәйкестендіру;
-электронды сертификат және білім беру грантын тағайындау туралы электрондық куәлік;
-SAT, ACT және IB халықаралық стандартталған тестерінің балдарын ҰБТ балына аудару;
-шектік балл жинамаған тұлғаларға ҰБТ-ны қайтадан тапсыру мүмкіндігі беріледі;
-болашақ педагогтар үшін шектік балл – 70;
-ҰБТ барысында түсірілген бейнежазба сарапталады. Тест тапсырушылардың тыйым салынған құралдарды пайдаланғаны анықталған жағдайда ҰБТ нәтижесі де, тағайындалған білім беру гранты да күшін жояды;
-ҰБТ тапсыру орындарында калькулятор беріледі;
-тестілеу уақыты – 4 сағат.
-Түлектердің бәріне сәттілік тілейміз, - деді Ш.Ақшиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 100 мыңнан астам шәкірттің оқу жылын аяқтағанын, баланы ұрған мектеп директорына қатысты сот үкімі шыққанын жазған болатынбыз.