Батыс Қазақстан облысында карантин шаралары күшейтілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында карантин шектеу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың 30 наурыздағы қаулысы шықты.

1 сәуірден бастап күшіне енетін қаулыға сәйкес төртінші тоқсанда облыс аудандарында контигенті 300 оқушыға дейінгі ауылдық мектептерде балалар санын 25-тен асырмай дәстүрлі түрде оқытуға рұқсат беріледі.

Ал індет көбейіп отырған Орал қаласы, Бөрлі және Бәйтерек аудандарында бала саны 15-тен аспауы тиіс.

Білім беру ұйымы әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда шәкірттерді жеке оқытуға болады.

Сондай-ақ жалпы білім беретін мектептерде мектепалды және 1-5 сыныптар, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптарда бала санын 25-тен асырмай аралас форматта оқытуға рұқсат берілді.

Орал қаласы, Бөрлі және Бәйтерек аудандарында бала саны 15-тен аспайды.

Оқу бітіретін сыныптар (9-12 сыныптар) аптаның алты күні ішінде бала санын 15-тен асырмай, пәндердің 70 пайызын штаттық режимде, 30 пайызын қашықтан оқиды.

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, жоғары және ЖОО-дан кейінгі оқу орындарында 1 курс студенттері санитарлық талаптарды сақтай отырып, аралас түрде білім алады.

Діни орындарда әр келушіге кемінде 5 шаршы метр есебінде, нысанның толуын 30 пайыздан асырмай жұмыс істеуге рұқсат етілгенімен, бұқаралық ұжымдық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды.

Қасиетті Рамазан айы кезінде де ұжымдық ауызашар өткізуге болмайды.

Қоғамдық тамақтандыру орындары санитарлық талапты сақтай отырып, сағат 09.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді.

Ұжымдық, салтанатты, отбасылық және басқа бұқаралық іс-шаралар өткізілмейді.

Сонымен қатар тағамды жеткізу және шығарып беруді қоспағанда, сенбі және жексенбі күндері қызметін тоқтатады. Фудкорт қызметі де тек тағамды жеткізу және шығарып берумен айналыса алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да инфекциялық стационарда жатқандар саны 355-ке жеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар