Батыс Қазақстан облысының 3 ауылында дала өрті сөндірілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында үш ауылға қауіп төндірген өрт сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
«Өрт сөндірушілер мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен Теректі ауданының Жаңа өмір кентіндегі өрт толық сөндірілді және Айтиево мен Новопавловка елді мекендеріндегі өрт ауыздықталды.
Сонымен қатар, өрттің орман алқабына өту қаупі жойылды. Қазіргі уақытта осы учаскелерде белсенді су төгу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп мәлім етті министрліктен.
Еске салайық, бұған дейін БҚО-да дала өртімен күрес жүріп жатқанын жазған болатынбыз. Жалын елді мекенге жақындап, 44 адам эвакуацияланды.
ТЖД дерегінше, бүгін құрғақ шөптің тұтануының 41 дерегі тіркелді. Соның 20-сы сөндірілсе, Орал қаласында, сондай-ақ Ақжайық, Теректі, Бөрлі, Казталов және Бәйтерек ауданында 14 өрт ошағы бақылауда.
«Әсіресе Теректі ауданында күрделі жағдай қалыптасты. Әйтиев ауылы маңында 50 га жер (26 га – құрғақ шөп, 24 га – орман), 2 қора-қопсы отқа оранды. 10 үй (44 адамның 16-сы бала) қауіпсіз жерге көшірілді.
Оқиға орнына облыс әкімі мен ТЖД бастығы барды. Сол секілді Құмақсай ауылы маңында 25 га жерде жалынның орманға ауысу қаупі бар. Жаңаөмір ауылы маңында от аумағы анықталу үстінде. Казталов ауданы Болашақ ауылы маңында 4 800 гектар құрғақ шөп өртеніп жатыр. Өңірде өрт сөндіру жұмысы жалғасуда», - деген болатын ТЖД баспасөз қызметінен.