Батыс Қазақстанда 1 мың адамға коронавирус екпесі салынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1 мың адам коронавирусқа қарсы егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткендей, 1 ақпаннан бастап медицина, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық сала қызметкерлері екпе алды.

Айдың басында облысқа 1 мың доза вакцина әкелінсе, сол екпе толықтай игерілді.

Қазіргі таңда егілген адамдарды екінші қайтара егуге арналған вакцина келеді деп күтілуде.

Екпе алған медицина қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, ерекше өзгерістер байқалмаған.

Тек үш күн бойы дененің әлсізденуі, аздап қызудың көтерілуі, тамақтың қышуы, егілген жердің ісінуі сезілген.

Ақпан айының басынан бері Қазақстанда Ресейде өндірілген «Спутник V» вакцинасы қолданылып жатқаны белгілі.

Айдың ортасынан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірілген осы вакцинаны, ал екінші тоқсаннан күні бүгін сыннан өтіп жатқан отандық QazCovid-In-ді енгізу көзделуде.

«Спутник V» вакцинасы екі бөліктен тұрады. Екінші екпе 21 күннен кейін салынады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да карантин талабын бұзғандарға 3 млн теңгеден астам айыппұл салынғанын, тоғыз мектептің карантинге жабылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар