Батыс Қазақстанда 100-ден астам педагог коронавирусқа қарсы екпе алды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 100-ден астам педагог коронавирусқа қарсы екпе алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, өңірге 4 наурыз күні 6500 доза мөлшерінде Гам-КОВИД-Вак (Sputnik V) вакцинасы жеткізілген (І компонент – 3250 доза, ІІ компонент – 3250 доза) болатын.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, күні бүгін осы лектен (3250 доза) 560 адам екпе алды. Соның ішінде 102-сі – педагогтар, жетеуі – құқық қорғау органдарының өкілдері.

Вакцинация кесте бойынша жүргізілуде. Бірінші кезекте алдыңғы топқа ілікпей қалған, індет жұқтыру қаупі жоғары медиктер, содан кейін мұғалімдер мен күштік құрылымдар қызметкерлері егілуде.

Оған қоса ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 16 ақпандағы қаулысына сәйкес өзгерістер енгізіліп, 65 жастан асқан адамдарға вакцина жасауға рұқсат етілді.

Бастапқы кезеңде 1 мың медицина қызметкеріне вакцинаның І және ІІ компоненттері толықтай егілген болатын.

Облыста коронавирус жұқтыру қаупі сейілген жоқ. Осы кезге дейін барлығы 13667 адам індет жұқтырса, соның 11308-і немесе 82,7 пайызы жазылып шықты. 216 адам індеттен көз жұмды.

«Қазіргі таңда 195 төсектік 4 карантиндік стационарда 108 науқас жатыр. Ал 591 төсектік 7 инфекциялық стационарда 278 адам емделуде. Жансақтау бөлімшесіндегі 17 науқастың үшеуі – 30 бен 60, 10-ы 60-80 жас аралығындағылар болса, төртеуі – сексеннен асқандар. 14 науқастың 12-сі қосымша жүрек-қан тамырлары аурулары, екеуі қант диабетіне шалдыққан. Күні бүгін инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына 1, инвазивті емес аппаратқа 10, оттегі концентраторына 4, орталықтандырылған оттегі көзіне 67 науқас қосылған», деді А.Қалибеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да наурызда 500-ге жуық адамнан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар