Батыс Қазақстанда 130 мың тонна дәнді дақылдар жиналды
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, орташа өнім гектарына 5,4 центнерден айналды. Бүгін таңда 30 мың тонна тұқымдық бидай қолымызда бар, өткен жылдан қалған 7 мың тоннаны қосқанда, бұл - қажетті мөлшердің 102 пайызы. 56 мың тонна азықтық бидай қамбаға құйылды. Алынған өнім ішкі қажеттілікті қанағаттандыруға арналғандықтан, сыртқа бидай экспорттау жоспарда жоқ. Тұрақтандыру қорынан ай сайын бөлінетін астық аудандар мен қаланың нан пісіретін кәсіпорындарына жеткізілуде. Майлы дақылдар алқабынан алынған барлық өнім жергілікті күнбағыс майын шығаратын зауытта өңделмек. Картоп жинау жұмысы аяқталу қарсаңында. Жалпы, бау-бақша өнімдері өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе көп алынды. Қыстық қара бидай егу аяқталды. Облыстың мал шаруашылығына қажетті жемшөп мөлшері 987 мың тонна болса, қазір әзірленгені - 1 млн. 41 мың тонна. Қуаңшылықтан зардап шеккен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 192 млн. теңге көлемінде сақтандыру төлемақысы төленді. «Сыбаға» бағдарламасы аясында жоспарланған 6400 бас малдың орнына 9600 бас мал алынды.