Батыс Қазақстанда 14 жасар бала суға кетіп қалды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 14 жасар бала суға кетіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бөрлі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінен мәлім еткеніндей, оқиға 30 маусым күні Ақбұлақ ауылдық округінде болды.
«Сағат 19.19-да жергілікті тұрғындар Ақбұлақ ауылынан 500 метр жердегі сайдан 2009 жылғы баланың денесін шығарып алды. Бала белгісіз жағдайда суға батып кеткен. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласы маңында құрғақ шөп пен бұталар өртеніп жатқанын жазған болатынбыз. Бұл өрт 1 шілдеге қараған түні, сағат 00.30-да толықтай сөндірілді.