07:51, 13 Тамыз 2010 | GMT +5
Батыс Қазақстанда 20,7 миллиардтан астам теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді
ОРАЛ. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биылғы жеті айда 20746,9 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді.

Облыстық статистика департаментінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, осының 1579,3 миллионы - егін, 18933,4 миллионы мал шаруашылығына тиесілі. Қуаңшылыққа байланысты егін өнімі 46,4 пайызға қысқарса, мал шаруашылығы өнімі 3,4 пайызға өсті.
Облыс шаруашылықтарында жыл басынан бері тірілей салмақпен алғанда 37,7 мың тонна мал мен құс еті (өткен жылғымен салыстырғанда 102,4 пайыз), 149,8 мың тонна сүт (102,8 пайыз), 78,4 млн. дана жұмыртқа (119,4 пайыз) өндірілді.