Батыс Қазақстанда 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында биыл 20 мыңнан астам жұмыссыз жұмыспен қамту шараларына тартылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Исатай Мыңбаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 2 500-і ақылы қоғамдық жұмыстарға, 1 300-і жастар практикасына, 775-і әлеуметтік жұмыс орындарына және 134 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасына жолданбақ.
Сондай-ақ биыл 13 мыңнан астам жұмыссызды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Оған қоса өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарға 1200-ден астам қайтарымсыз грант беріледі.
И.Мыңбаевтың сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының биылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде жастар практикасы мен «Алғашқы жұмыс орны» жобаларының мерзімі мен жалақысын ұлғайту және қайтарымсыз мемлекеттік гранттар сомасын өсіру туралы тапсырма бергені мәлім. Осыған орай биылдан бастап жастар практикасы 6 айдан 1 жылға ұзартылып, жалақысы 25 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін көбейтілді. Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасын субсидиялау мерзімі 12 айдан 18 айға ұзартылып, жалақысы 20 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін артты. Бұл іс-шара жас түлектердің алғашқы еңбек өтілін қалыптастырып, біліктілігін көтеріп, жақсы табысқа қол жеткізуіне мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар мемлекеттік қайтарымсыз грант көлемінің 400 АЕК-ке дейін өсуі жұмыссыз азаматтардың өз кәсіптерін бастап, табыс табуына жол ашты.
Шетел жұмыс күштерін жергілікті адамдармен ауыстыру да маңызды. Ішкі еңбек нарығын қорғау бағытында шетел азаматтарын жұмысқа орналастыруға рұқсат беру жылдан-жылға азайып келеді. Мысалы, 2019 жылы бұл дерек 1 400-ге жуықтаса, 2021 жылы небәрі 951 рұқсат берілді.
«Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында жыл сайынғы жаңа жұмыс орындарын құру бағытында жұмыспен қамту картасын әзірлеуді тапсырған болатын. Осы орайда өңірлік жұмыспен қамту картасы жаңа жұмыс орындарын құру бойынша кешенді құжат болып табылады және Ұлттық жобалар аясында іске асырылатын барлық жобалар есепке алынады. Ұлттық жобаларды өңірде іске асыру барысында 2025 жылға дейін 22 мыңнан астам жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Яғни төрт жыл ішінде облыс бойынша 363 жоба аясында 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылса, соның 14 мыңы тұрақты, 7 мыңнан астамы уақытша болмақ», деді И.Мыңбаев.
Статистика органдарының есебі бойынша Батыс Қазақстанда 338 мың экономикалық белсенді адам болса, соның 321 мыңы жұмыспен қамтылған, ал 16 мыңы (4,9 пайызы) – жұмыссыздар.
2021 жылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруға облысқа 7 млрд теңге қаражат бөлінді.
Бағдарлама аясында 36 331 адам қамтылып отыр. Олардың ішінде 19 255-і жұмысқа орналастырылып, соның 13 189-і тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.