Батыс Қазақстанда 200-ге жуық бала коронавирус жұқтырған

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қыркүйек айынан бері 197 бала коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда 200-ге жуық бала коронавирус жұқтырған

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, соның ішінде қыркүйек айында – 4, қазанда – 5, қарашада – 102, желтоқсанда 71 баладан індет анықталды.

Оған қоса 15 балабақша тәрбиеленушісінің 12-сінен қарашада, үшеуінен желтоқсанда коронавирус табылған.

Балалардың бәрі де сырқатты отбасы мүшелерінен жұқтырған.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өңірде ахуал қараша айынан бері тұрақсыз болып отыр.

1-28 желтоқсан аралығында індет жұқтырғандар саны 1042-ге жетті.

Желтоқсан айында мемлекеттік шекарадан 28473 адам өтсе, соның 4933-і – жолаушылар. Анықтамасы жоқ 842 жолаушының төртеуінен ковид табылды. Сол секілді халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 14337 жүргізушінің 4833-інде анықтама болмаған. Бұлардың 9-ының індетке шалдыққаны белгілі болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жаңа жыл қарсаңында көңіл көтеру орындарында бақылау күшейтілгенін, Қарашығанақ кенішінде бір айда 82 адамнан коронавирус табылғанын жазған болатынбыз.