Батыс Қазақстанда 2015 жылға дейін 12,5 мың орынға арналған 4 бордақылау алаңын ашу жоспарланып отыр

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, өңірде әзірге осындай екі алаң бар. 2010 жылдың желтоқсанында Зеленов ауданының Янайкин ауылында 8640 бас малға арналған, дамыған инфрақұрылымы бар «Crown Батыс» ЖШС бордақылау кешені іске қосылған болатын. Ал биылғы жыл басында Жәнібек ауданындағы «Әлем» шаруа қожалығы өзіндік қаражат есебінен құны 150 млн. теңгені құрайтын 1000 басқа арналған бордақылау алаңын ашты.
Облыста мал басы санын қайта қалпына келтіру мақсатында орта және ірі тауарлы мал шаруашылықтарын дамыту жөнінде шаралар алынуда. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2011-2012 жылдары 206 фермер шаруашылығы 10 мың сиыр және 375 бұқа сатып алды.
2012 жылы барлық ауданда малдәрігерлік ұйымдар құрылды. 423 мал дәрігері жұмысқа орналастырылды, ветеринарлық-алдын алу және диагностикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді.