Батыс Қазақстанда 250 тонна пішен өртеніп кетті

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 22 тамыз күні Сырым ауданы Жосалы ауылдық округінің орталығы Қоңыр ауылының шетінде болды.
Сағат 05.59-да «Жанғожа-С» шаруа қожалығы аумағында 1 мың шаршы метрді қамтыған үюлі тұрған 250 тонна пішен отқа оранды. Жалын содан кейін аумағы 300 шаршы метр қора-қопсыны шарпыды.
Зардап шеккендер жоқ.
«Тілсіз жау» сағат 19.11-де ауыздықталды.
Жалпы, соңғы күндері өңірде өрт жиілеп тұр. 20 тамыз күні Орал қаласы 1-саяжай қоғамдастығына қарасты «Автомобилист» саяжай қоғамы маңында 20 гектар құрғақ шөп пен 10 гектар орман өртенді.
ТЖ департаменті (51 қызметкер, 10 техника), «Эсторал» ЖШС (8 қызметкер, 2 теплоход), орман шаруашылығы мекемесі (5 қызметкер, 1 техника) және «Жайық таза қала» ЖШС (2 қызметкер, 2 техника) күшімен өрт 21 тамыз күні сағат 00.53-те оқшауланып, 22 тамызда 09.28-де толықтай жойылды.
Сол секілді 20 тамыз күні Бәйтерек ауданы Янайкин ауылынан 15 шақырым жерде 60 гектар аумақ (40 гектары – орман) отқа оранды. Бұл өрт ТЖ департаменті бастаған мекемелер күшімен 21 тамызда сағат 12.01-де оқшауланып, 22 тамызда 20.08-де ауыздықталды.
Оған қоса 22 тамыз күні сағат 14.32-де Ақжайық ауданы Бударин ауылдық округінде шамамен 10 гектар құрғақ шөп пен 4 гектар орман жалынға шарпылды.
Сондай-ақ 22 тамыз күні сағат 19.51-де Бәйтерек ауданы Озерный ауылы маңында құрғақ шөп жанып, орманға қауіп төндіруде.
Бұл екі өрт сөндірілу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тағы бір орман өрті тіркелгенін жазған болатынбыз.