Батыс Қазақстанда 254 оқушы «Алтын белгіден» үміткер

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында биыл 5786 оқушы барлық меншік түріндегі мектептерді бітіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 254 түлек «Алтын белгіден», 248-сі үздік аттестат алудан үміткер.

Айгүл Әділгерейқызының сөзіне қарағанда, сондай-ақ 9834 оқушы 9-сыныптарды тәмамдайды. Соның 804-і үздік аттестаттан үміткер болып отыр.

Өңірде 9 сынып бітірушілері үшін қорытынды мектеп бітіру емтихандары 2-13 маусым аралығында өтеді. Ал 11-сынып бітірушілері үшін мемлекеттік емтихандар 5-19 маусым аралығында болады. 9 сыныптарда 4 пәннен емтихан тапсырады: оқыту тілі (қазақ/орыс тілі), математика (алгебра), қазақ тілі мен әдебиеті/орыс тілі мен әдебиеті, таңдау пәні. 11 сыныптарда 5 пәннен емтихан тапсырады: оқыту тілі (қазақ/орыс/ тілі), алгебра және анализ бастамалары, Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті/орыс тілі мен әдебиеті, таңдау пәні.

Облыс бойынша түлектерге жалпы орта білім беру туралы аттестат өз мектептерінің қабырғасында 22 маусымда тапсырылады.

Батыс Қазақстанда барлығы 379 мектеп болса, соның 64-і облыс орталығында орналасқан. Бұларда барлығы 118 мыңнан астам оқушы (61,4 мыңы Орал қаласында) білім алады.

Басқарма басшысының айтуынша, ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі 31 мамырда аяқталады. Бұл күні барлық мектептер бекітілген кестеге сәйкес сабақтарын жүргізеді. Сабақ соңында әрбір сынып жетекшісі сынып сағатын өткізеді. Сынып сағаттарының сценарийлерін мұғалімдер әр сыныптың жас ерекшеліктерін ескере отырып, дербес әзірлейді.

Мектептер салтанатты шара өткізу немесе оқу жылын сынып сағаттарымен аяқтау жөнінде шешімді ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңеспен ақылдаса отырып дербес қабылдайды.

Министрлік оқу жылының аяқталуы бойынша салтанатты іс-шараны 1 маусымда – Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырып және соның форматында өткізуді ұсынады.

Сынып сағаттарын, салтанатты линейкалар, аттестат тапсыру шараларын өткізген кезде педагогикалық этиканы сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ата-аналардан іс-шараны өткізуге аниматорларды, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді, жеке студияларды шақыруға, мектеп әкімшілігіне, педагогтарға сыйлыққа ақша жинауға тыйым салынады.

«Техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары бойынша қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жалғасады. Колледждерді биыл 5 мыңнан астам түлек аяқтайды. Қазіргі таңда студенттер жыл қорытындысы бойынша оқу сессиясын тапсыруда. Колледж түлектері дипломдық және сарамандық практикадан өтуде. Дипломдарды тапсыру салтанатын 28 маусым мен 1 шілде аралығында өткізу ұсынылды», деді А.Мыңбаева.


Соңғы жаңалықтар