Батыс Қазақстанда 3 мыңнан астам медқызметкер коронавирус екпесін салдырды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 3 мыңнан астам медицина қызметкері коронавирусқа қарсы екпе салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткендей, осы уақытқа дейін өңірге 9500 доза вакцина жеткізілсе, соның 5250-і – бірінші, 4250-і – екінші компонент.

Гүлнәр Мақсотқызының сөзіне қарағанда, күні бүгінге дейін 5243 адам бірінші компонентпен (99,9 пайыз) егіліп үлгерді. Соның 3027-сі немесе 57,7 пайызы – медицина қызметкерлері, 1222-сі (23,3 пайызы) – педагогтар, 275-і (5,2 пайызы) – құқық қорғау органдарының қызметкерлері, 719-ы (13,8 пайызы) – басқа адамдар.

«Вакцинация кесте бойынша жүргізілуде. Алдымен коронавирус жұқтыру деңгейі жоғары сала өкілдері екпе алуда. Әр кезең толық қамтылған сайын халықтың қалған бөлігіне кезек келетін болады», деді Г.Әбдірахманова.

Осы кезге дейін өңірде 15250 адам індет жұқтырса, соның 12367-сі немесе 81,1 пайызы жазылып шықты.

Облыста 241 адам көз жұмды. Жыл басынан бері 73 адам (қаңтарда – 28, ақпанда – 15, наурызда – 30) қайтыс болса, соның 39-ы – әйелдер, 34-і – ерлер. 61-і қалада, 12-сі аудандарда өмірден озды.

Қазіргі таңда 195 төсектік 4 карантиндік стационарда 11 адам емделуде. Ал 696 төсектік 9 инфекциялық стационарда жатқандар саны 410-ға жетті. Соның ішінде 22-сі жансақтау бөлімшесінде ем алуда.

«Аурудың алғашқы белгілері байқалған бойда ешқайда бармай, үйге дәрігерді шұғыл шақырту керек. Өйткені емханаларда кезек күткенде, көшеде инфекцияны басқа адамдарға жұқтыру қаупі жоғары. Сондай-ақ өзі қосымша ауру жамап алуы мүмкін. Бұл дерттің асқынуына, тіпті өлімге соқтыруы ықтимал. Бетперде режимін, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарға барудан аулақ болып, сонымен қатар өзге қалаларға сапар шегуді тоқтата тұру қажет», деді Г.Әбдірахманова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы төрт күнде 364 адамның коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар