Батыс Қазақстанда 4,4 мың адамға коронавирусқа қарсы екпе салынды

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың өңірлік коммуникациялар алаңында мәлім еткеніндей, соның 786-сы – педагогтар, 199-ы – құқық қорғау органдарының өкілдері.
Гүлнәр Мақсотқызының сөзіне қарағанда, облыста 1 ақпаннан бері алғашқы (1000 доза) және екінші (3250 доза) партиядан Гам-КОВИД-Вак вакцинасының І компонентімен егу аяқталды.
Оған қоса 19 наурыз күні өңірге 1 мың доза (І компонент) мөлшерінде Гам-КОВИД-Вак (Sputnik V) вакцинасы жеткізілді. Екпе кесте бойынша жүргізілуде.
Қазіргі кезде қаулыға сәйкес бірінші кезекте бастапқы кезеңге ілікпей қалған, коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлері, сондай-ақ мұғалімдер мен құқық қорғау органдарының өкілдері егілуде.
Облыста осы кезге дейін ауырған 14597 адамның 11944-і немесе 82 пайызы жазылып шықты. 230 адам көз жұмды.
Басқарма басшысының орынбасары жұқпалы аурулар стационарларына науқастардың ауыр және аса ауыр халде түсіп жатқандығын жеткізді.
Өңірдегі 195 төсектік 4 карантиндік стационарда 20 адам емделуде.
Ал 596 төсектік 8 инфекциялық стационарда жатқандар саны 308-ге жетті. Соның ішінде 16-сы жансақтау бөлімінде.
Бұның біреуі – 50-ге дейін, үшеуі – 50-60, 9-ы – 60-80 жас аралығындағылар, тағы үшеуі – сексеннен асқандар.
14-інің созылмалы сырқаты бар, соның 10-ы жүрек-қан тамырлары ауруларына, төртеуі қант диабетіне шалдыққан.
«Күні бүгін инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына 3, инвазивті емес осындай құрылғыға 7, оттегі концентраторына 12, орталықтандырылған оттегі көзіне 68 науқас қосылған. Тұрғындарға ЖРВИ белгілері байқалған бойда медициналық көмекке дереу жүгіну, сондай-ақ санитарлық талаптарды сақтау керектігін еске саламыз», деді Г.Әбдірахманова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да үшінші тоқсанда 400-ге жуық оқушыдан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.