Батыс Қазақстанда 42 жастағы әйел босану үстінде көз жұмды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 42 жастағы әйел босану үстінде көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Ақсай қаласында тұрған әйелдің бұл бесінші жүктілігі, үшінші рет босануы болатын.
Мерзімінен бұрын бала жолдасы ажыраған әйел 10 қараша күні Оралдағы қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген.
«Күрт қан жоғалту салдарынан құрсағындағы шақалағы шетінеп кеткен әйелдің ауруханаға түскен кезде жағдайы ауыр болған. Шұғыл ота жасау кезінде клиникалық өлім тіркелген. Жүрек-өкпеге жансақтау шаралары жүргізіліп, жүрек қызметі қалпына келтірілген. Алайда жасалынған шараларға қарамастан, жүрегі қайта тоқтап қалған», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда түйреуіш жұтып қойған алты айлық сәбидің көз жұмғанын жазған болатынбыз.