Батыс Қазақстанда 52 мектеп директорының орны бос тұр

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылының басында 52 мектеп директорының орны бос тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, сол білім ордаларында директордың міндетін атқару орынбасарға жүктелген.

Мұндай бос орындар, әсіресе, Ақжайық, Жаңақала, Теректі, Казталов, Қаратөбе, Бөкей ордасы аудандарында көбірек.

Оның сөзіне қарағанда, шілде-тамыз айларында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес мектептердің материалдық-техникалық базасының жағдайы, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі, спорт зал, асхана, кітапхана, оқу залы, модификациялы кабинеттермен қамтылуы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, бейнекамералармен қамтылуы, қамқоршылық кеңестерінің жұмысы, оқулықтармен қамтылуы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы және дебат клубтарының жұмысына, педагогтарды жұмысқа қабылдау мәселелеріне мониторинг жүргізілді. Айталық, педагогтарды қабылдаудың ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкестігі зерделенді. Биыл жыл басынан бері облыс бойынша 74 мектепте 168 педагогтың уақытша және тұрақты бос орны болса, соған 167 адам қабылданған. Соның 96-сы конкурстық негізде ( соның ішінде 84 педагог аталған бұйрықтың талаптарын бұза отырып қабылданған), 71-і конкурссыз жұмысқа алынған.

Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, бірінші басшыларды тағайындау, ротациялау, педагогтерді аттестаттау облыстық білім басқармасы арқылы жүргізіледі. 2022 жылдың қаңтарынан бастап 23 мектепке бірінші басшы тағайындалған. Алайда ҚР Білім және ғылым министрлігі 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығының талаптары толық сақталмайтындығы белгілі болды. Конкурсты ұйымдастыру процедуралары, хабарландыру беруден бастап, үміткерлердің біліктілігінің сәйкестігі, конкурс хаттамаларының рәсімделуі, бағалау парақтарының толтырылуы, қойылған балдардың есептелуінде кемшіліктер жіберілген.

Сонымен қатар биылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік білім беру мекемелерінің бірінші басшыларын ротациялауды өткізу ережесіне» сәйкес осы кезге дейін 70 білім беру мекемесінің (балабақша, мектеп, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері) басшылары ротацияланған. Ротациялауды ұйымдастыру кезінде хабарлама беру рәсімінің бұзылуы, біліктілік санаты туралы ақпараттың болмауы секілді кемшіліктер анықталды.

Департамент басшысы мәлім еткеніндей, білім беру мекемелерінің басшылары тарапынан министрліктің 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйырығымен бекітілген әдеп нормаларын сақтамауы жиі орын алады. Мысалы, департамент жанындағы консультативтік-кеңесші органда екі балабақша тәрбиешілерінен (Казталов, Ақжайық ауданына қарасты) балабақша меңгерушілеріне қатысты шағым қаралды. Казталов ауданына қарасты балабақша меңгерушісіне «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 409 бабының 7-3 тармағына сәйкес тәрбиешілерді өзінің кәсіптік міндетіне жатпайтын жұмыстарға тарту, тауарлар сатып алуға міндеттегені үшін әкімшілік іс қозғалып, әкімшілік ескерту берілді. Ақжайық ауданының балабақша меңгерушісіне әдеп нормаларын сақтамағаны үшін сөгіс түріндегі тәртіптік шара қолданылды.

«Мектептердің материалдық- техникалық базасына келетін болсақ, 97 мектепте (бастауыш және шағын жинақты мектептер) спорт залы жоқ. Спорт құралдарының жетіспеушілігі көптеген мектептерде байқалады. 118 (30 пайызы) мектепте интернет жылдамдығы төмен, компьютерлердің 29,3 пайызы ескірген, интерактивті тақталардың 12,1 пайызы жұмыс жасамайды. Мектептердің 70 пайызы жаңа модификациялы кабинеттермен, 50 пайызы ғана лабораториялармен қамтылған. Бар кабинеттердің өзі 64 пайызға ескірген. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мектептерде ішкі, сыртқы бейнебақылаулар орнатылған, бірақ Ішкі істер және Білім министрлігінің бірлескен бұйрығы талаптарына сәйкес келмейді және қосымша камералар орнатуды қажет етеді. Облыста апаттық жағдайдағы 6, үш ауысымда оқытатын 10 мектеп бар. Биыл бюджет есебінен 3 апатты, 2 оқушы тапшылығының, 1 үш ауысымды мектептің мәселелерін шешу үшін 6 нысан құрылысын аяқтау жоспарланған. Ал, күрделі жөндеумен қамтылған 15 мектептің үшеуі ғана жаңа оқу жылына дайын болды. Қалған 12 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда», деді Б.Күзембаева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 100-ге жуық мектептің жаңарған пәндік кабинеттермен жабдықталып жатырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар