Батыс Қазақстанда 632,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көзделіп отыр

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Шағуан Ибрагимовтің айтуынша, егіс алқабы өткен жылмен (587,6 мың га) салыстырғанда, 45,2 мың, соның ішінде майлы дақылдар 19,1 мың, мал азықтық дақылдар 33,8 мың гектарға ұлғайтылады. Жаздық дәнді дақылдар егісінің көлемі 311,1 мың гектар болады деп жоспарлануда, ал егілген 88,9 мың гектар күздік дәнді дақылдарды қосқанда, жалпы дәнді дақылдар алқабы 400 мың гектарды құрамақ. Бұл егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру мақсатындағы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҚО әкімдігі арасындағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын 2012-2016 жылдарға әртараптандыру меморандумының көрсеткіштеріне сәйкес келеді. Майлы дақылдар 85 мың гектар алқапқа егіледі деп күтілуде, оның 71 мыңына күнбағыс егу жоспарлануда, бұл 2012 жылғыдан 19,1 мың гектарға көп. Өткен жылдың күзінде 6,2 мың гектарға күздік арыш майлы дақылы егілген болатын. Мал азықтық дақылдар көлемін өткен жылғыдан 30 мың гектарға ұлғайту межеленіп отыр, сонда оның жалпы көлемі 138 мың гектарды құрамақшы. Яғни сүрлемдік жүгері 8 мың, біржылдық шөптер (судан шөбі, құмай) 12 мың, еркекшөп 14 мың және өткен жылғы көпжылдық шөптер егісі 104 мың гектар. Картоп және көкөніс-бақша дақылдарын 9800 гектар алқапқа егу жоспарлануда немесе бұл өткен жылғы (9536 га) деңгейден 254 гектарға артық. Нақтылап айтқанда, картоп отырғызу 4200 (өсім 146 га), көкөніс дақылдары 3900 (өсім 47 га), бақша дақылдары 1700 гектар (өсім 61 га) болмақшы.