17:28, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда әлеуметтік сала нысандарын күрделі жөндеуге 1,3 млрд. теңге қарастырылып отыр
ОРАЛ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биыл әлеуметтік сала нысандары мен автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 1,3 млрд. теңге қарастырылып отыр.

Облыс әкімдігінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, жалпы, өңірде балабақшалар санын көбейтуге, жаңа мектептер мен ауруханалар салуға ерекше көңіл аударылып келеді. Айталық, биыл Орал қаласында инновациялық мектеп пен үш балабақшаның және аудандарда үш жалпы білім беретін мектептің, саз мектебі мен кәсіптік-техникалық лицейдің оқу корпусының құрылысы басталатын болады. Сондай-ақ 2008 жылы басталған денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жалғасады. Орал қаласындағы туберкулезге қарсы ауруханаға жапсарлас құрылыс (хоспис), үш дәрігерлік амбулатория, екі медициналық қосын салу жоспарлануда.