Батыс Қазақстанда алимент төлемеген 80 борышкер іздестірілуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында алимент бойынша 10 475 борышкер бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

БҚО әділет департаменті басшысының орынбасары Естай Рашқалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 6 414 өндіріс бойынша алимент борышкерлердің жалақысынан ұсталады.

Әділет департаменті алимент өндіру туралы сот шешімдерін уақтылы және сапалы орындау бағытында тиісті жұмыстар атқарып келеді. Алайда экономикалық жағдайдың қиындауы, борышкерлердің тұрақты еңбекақысы, мекенжайы болмауы, денсаулығы мен кәсіби дағдыларының жай-күйі сот орындаушыларына сот шешімдерін толық көлемде орындауға мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан көптеген балалар мемлекет пен қоғам тарапынан материалдық және моральдық қолдауға мұқтаж.

Естай Елтайұлының сөзіне қарағанда, 380 борышкер алиментті мүлдем төлемейді немесе тұрақсыздық көрсетеді. Олардың берешегі 842,3 млн теңгеге жетті. 80 борышкер іздестірілуде.

Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, жыл басынан бері сот актілерін орындаудан жалтарғаны үшін 167 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, соның 97-сі әкімшілік қамаққа алынды. 56-сына әкімшілік айыппұл салынды. 12 іс қысқартылды.

ҚР ҚК 139-бабына сәйкес 11 борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Алимент өндіріп алу жөніндегі шешімдердің негізінде жазылған атқарушылық құжаттар төлем жасауға берілген барлық уақытта күшін жоймайды. Бүгін алимент төлеуден жалтарғанмен, берешек соманың өсімі есептеледі және бала кәмелетке толғаннан кейін де өндіруге жатады. Сондықтан борышкерлер алименттік міндеттемені орындаудан жалтармауы керек», деді Е.Рашқалиев.


Соңғы жаңалықтар