12:05, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда аса қауіпті қылмыскерлер ұсталды
ОРАЛ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстанда аса қауіпті қылмыскерлер ұсталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Ақжайық ауданындағы қыстақтардың бірінде департаменттің арнайы жасағына бандылар шолақ аңшы мылтығынан оқ жаудырған. Арнайы жасақ қызметкерлерінің бірі өз жолдастарын жауып үлгерген, оның темір кеудешесі мен бетпердесі болғандықтан, аман қалған. Қасқағым уақыт ішінде бандылар қарусыздандырылып, құрықталған. Жедел операция барысында қылмыскерлер кепілге алмақшы болған үш қойшы босатылған.
Қазіргі кезде қолға түскендер тергеу орнында отыр. Оларға бірнеше қарақшылық шабуыл жасап, адам өміріне қауіп төндіргені, сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаментінің автокөлігін өртеп жібергені айып ретінде тағылған.
Аса қауіпті қылмыскерлерді ұстауда батылдық көрсеткені үшін бес полицей мемлекеттік наградаға ұсынылған.