Батыс Қазақстанда асыл тұқымды мал басын көбейтуге толық мүмкіндік бар

Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың Теректі ауданына жасаған жұмыс сапары барысында асыл тұқымды мал шаруашылықтарын аралау кезінде облыстық мәслихаттың депутаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Аманжол Зинуллин мәлімдеді.
Ғалымның пікірінше, бұл мәселе министрліктің деңгейінде көтерілуі қажет. Мәселен, елімізде мал басын асылдандыруға басымдық беріліп отыр. Алайда текті тұқымды өсіріп отырған шаруалардың қазақтың асыл тұқымды бұқасының ұрығын сатуға құқығы қарастырылмаған. Малын асылдандырғысы келетіндер герефорд аталығының ұрығын сатып алуға мәжбүр. Ал герефорд тұқымының Батыс Қазақстанға бейімделуі қиын әрі өсуі де баяу. Бір ғана мысал, Селекционныйдағы ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында өсірілетін 100 бас герефорд тұқымды аналық малдан 70 бұзау алынса, Теректідегі «Айсұлу» шаруа қожалығында 100 бас қазақтың ақбас сиырынан 94 бұзау алынған. Бұрынғы «Аңқаты», «Чапаев» зауытының ізінде құрылған шаруашылықтардан жыл сайын өзге өңірлерден келіп бұқашық алушылар қатары көбеюде. Демек, қазақтың ақбас сиырының таза тұқымы БҚО-да сақталып отыр. Енді өңірдің осы брендін ғылыми тұрғыда дамыту қажет.
Бұл күні облыс басшысы Аңқаты ауылдық округіндегі әлеуметтік нысандарды аралап шыққаннан кейін «Айсұлу» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты. Шаруашылық басшысы Мағауия Зайнуллин пайдаланып отырғанын да, қаңырап бос тұрған ғимараттарын да қалдырмай көрсетті. Негізінен мал өсіруге бейімделген «Айсұлу» шаруа қожалығы егінмен де шұғылданады. Өткен жылы 10 963 гектар жерге егін салыпты. Қазір шаруашылықта 1300 бас асыл тұқымды ірі қара бар. Мағауия Зайнуллиннің сөзінше, қожалықта малды қолдан ұрықтандыру, есебін жүргізу, алынған төлді зерттеу, басқа да мәселелерді арнайы мамандар ғылыми тұрғыда қадағалап отырады. «Осыған қарамастан мұндай базасы жоқ, тек мал ұстап отырған кейбір шаруашылықтардың асыл тұқымды шаруашылық деген мәртебесі бізбен бірдей» дейді ол.
Облыс әкімі сондай-ақ Шаған ауылдық округі аумағында орналасқан «Ақас» агрофирмасы» ЖШС-ында да болды. Бұл шаруашылық етті бағыттағы қазақтың ақбас сиырын және сүтті бағыттағы қарала голштин ірі қарасын өсірумен ерекшеленеді. Серіктестік басшысы Қатауолла Ашығалиевтың мәлімдеуінше, екі-үш жыл бұрын Венгриядан әкелінген сүтті сиырлар күніне орта есеппен 15 литрдей сүт береді. Сиырлардың сауылуынан бастап барлық өндірістік жұмыс автоматты түрде озық технологияның көмегі арқылы іске асырылады. Күніне 3 тонна сүт алынып, негізінен облыстағы сүт өндірісін қолға алған кәсіпорындарға жөнелтіледі. Ал 800-ге тарта ақбас тұқымды ірі қараның сауын сиыры, қашарлары, баспақ-торпағы барлығы бөлек-бөлек қорада тұр. Облыс әкімі шаруашылықтарды аралау кезінде мемлекеттен берілетін демеу қаржы мәселелерін де сөз етті. Сапар соңында Нұрлан Асқарұлы мал шаруашылығын дамыту бағытындағы түйткілді мәселелерді осы салаға жанашыр жандармен, жергілікті ғалымдармен, шаруашылық басшыларымен бірлесе шешу қажеттігін, өңірде асыл тұқымды мал басын көбейтуге мүмкіндіктің мол екендігін алға тартты.