Батыс Қазақстанда Ата заң мейрамы кеңінен аталып өтілді (ФОТО)

Кросқа қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің атап өткеніндей, мұндай игі шара дәстүрге айналып келеді. Бұл Елбасының ұлт денсаулығы ел денсаулығы, сондықтан қалың бұқараны спортқа тарту, салауатты өмір салтын орнықтыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Жарысқа белсенді қатысқандарға грамота, сыйлықтар беріліп, концерт қойылды. Кешкісін орталық Абай алаңында театрландырылған көрініс қойылып, Тәуке хан, Қазыбек,Төле, Әйтеке билер кейпіндегі әртістер «Жеті жарғы» сынды қазақ халқының заңдары жөнінде әсерлі әңгімеледі. Алаңға жиналған жұртшылықты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, Негізгі заңда айтылғанындай, басты құндылық адамның өмірі, құқығы және еркіндігі екенін, еліміз Ата заң аясында Елбасымыздың салиқалы саясатына сәйкес алға басып келе жатқанын атап өтті. Бұдан кейін өмірлік қадамын жаңадан бастаған жастарға жеке куәліктері салтанатты жағдайда табыс етілді. Өңірдің танымал өнерпаздары отаншылдық рухтағы әндерді шырқап, халық билерін көрермендерге ұсынды. Ұлттық ойындар, жастардың би флешмобы да жақсы әсер қалдырды. Осындай салтанатты шаралар барлық аудандарда өтіп, Конституция күні жарқын мейрамға айналды.