11:19, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Батыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында кешенді шаралар жүзеге асырылмақ
ОРАЛ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биыл ауыл шаруашылығы саласында кешенді шаралар жүзеге асырылмақ.

Облыс әкімдігінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, өсімдік шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді шаралар өндірістің техникалық қамтамасыз етілу деңгейін арттырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарын ұлғайтуды, ылғал қорын сақтайтын технологиялар мен тамшылатып суару жүйесін енгізіп, тұқым шаруашылығын қолдауды, көпжылдық жеміс-жидек көшеттерін отырғызуды көздейді. Айталық, жабық топырақ жағдайында көкөніс өндірісін ұлғайту мақсатында 2009 жылы Орал қаласы маңындағы 6 гектар алқапта жылыжай кешенінің құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді шаралар орта және ірі тауарлы мал шаруашылықтарын дамытып, сүт, сиыр және шошқа етін өндіру бойынша жаңа жоғары технологиялық мал шаруашылығы кешендерін енгізуді, асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдап, мал шаруашылығы өнімдерін дайындау және қайта өңдеу жөніндегі ауыл шаруашылығы кооперативтері желісін құруды қарастырады. Биыл Зеленов ауданында толық инфрақұрылымымен 5 мың бас ірі қара малына арналған қазіргі заманғы бордақылау кешенін іске қосылмақ. Сондай-ақ 2009-2010 жылдары сүтті терең де қайта өңдейтін екі тауарлы-сүт фермасын салу жоспарлануда. 2009 жылы жылдық қуаттылығы 7,4 мың тонна айырған май шығаратын зауыттың құрылысы аяқталады, бұл облыстың өсімдік майына қажеттілігін толықтай өз өндірісіміз арқылы қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жобалық қуаттылығы тәулігіне 150 тонна астық шығаратын диірмен кешенінің құрылысы да тиянақталады.