17:49, 27 Қазан 2022 | GMT +5
Батыс Қазақстанда автокөлік аударылып, 18 жастағы екі жігіт көз жұмды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында автокөлік аударылып, 18 жастағы екі жігіт көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жантүршігерлік оқиға 24 қазан күні таңмен Бәйтерек ауданы аумағында болды.
«Сағат 08.30-да Орал-Тасқала жолының 28-шақырымында 2004 жылғы жүргізуші Nissan Almera автокөлігінің руліне ие бола алмай, аударылып қалған. Соның салдарынан жүргізуші мен автокөлікте отырған 2004 жылғы жолаушы оқиға орнында жедел жәрдем келгенге дейін жан тапсырды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ұлы әкесін ұрып өлтіргенін жазған болатынбыз.