20:33, 14 Маусым 2021 | GMT +5
Батыс Қазақстанда автокөлік аударылып, жүргізуші қаза тапты
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында автокөлік аударылып, жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 12 маусым күні Қаратөбе ауданында болды.
Сағат 08.30-да Қаратөбе-Қаракөл жолының 24-шақырымында 1992 жылғы жүргізуші «ВАЗ-2110» автокөлігінің руліне ие бола алмай, аударылып қалды.
Жүргізуші алған жарақаттары салдарынан оқиға орнында мерт болды. Марқұмның мүрдесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөліктің әйел адамды қағып кеткенін, полиция қызметкерінің мас күйінде жол апатына ұшырағанын жазған болатынбыз.