Батыс Қазақстанда балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары екі есе дерлік көбейді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мектеп жасындағы балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары екі есе дерлік көбейіп кетіп отыр.
None
None

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, өткен жылдың жеті айында 29 бала жарақаттанса, биыл олардың саны 45-ке жетіп отыр.

Басқарма басшысының орынбасары Мәншүк Аймұрзиеваның хабарлағанындай, биылғы жеті айда 249 жол-көлік оқиғасы салдарынан 343 адам (57-сі - жасөспірім) жарақат алса, 39 адам (біреуі - бала) қазаға ұшырады. Мұның басты себептері қалада көлік санының көбеюі, жас жүргізушілердің көлік жүргізуді жете меңгермеуі және ішімдік ішіп алып, рульге отыру болып отыр. Мотоцикл мінгендер де осындай оқиғаға жиі ұшырауда.

Жалпы, өңірде күн сайын 3-5 жол-көлік оқиғасы тіркеледі.

Орал қалалық жедел жәрдем стансасының директоры Сергей Бекежановтың айтуынша, өткен жылдың жеті айында 287 оқиға орын алып, 391 адам жарақаттанса, биыл бұл көрсеткіштер сәйкесінше 375 және 525-ке жеткен. Жол апаттарының өткен жылдың жеті айында 39-ы, биыл 37-сі адамдардың мас күйінде жасалған. Өткен жылдың жеті айында көліктер қағып өткен 119 адамның 8-і, биыл 121 жаяу жүргіншінің 9-ы жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Шілде айының өзінде биыл 4 адам өмірмен қоштасқан.

Айта кетейік, кеше кешкісін Оралға қарасты Зачаган кентінде «Зачаган» сауда үйі маңында «БМВ» автокөлігі жеті жасар баланы қағып кетті. Соның салдарынан бала оқиға орнында қайтыс болды.

Соңғы жаңалықтар