Батыс Қазақстанда барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру қалыпты жүріп жатыр

Соның бірі - Орал қаласындағы №30 орта мектепте орналасқан №435 сайлау учаскесі өз есігін сайлаушылар үшін айқара ашты.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Гүлшат Бисенғалиеваның айтуынша, мұнда барлығы 2806 сайлаушы тіркелген.
«Сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Алғашқы екі сағаттай уақыттың өзінде 178 адам дауыс берді. Ең бірінші болып 81 жастағы қария Қадырхан Қайыров, 39 жастағы Әлия Спашева өз таңдауларын жасады. Ал 18 жасқа толғандар Мерей Баймұратов пен Василий Самохвалов бірінші рет дауыс берді. Өз үйлерінде дауыс беруге өтініш жасаған 8 адам бар. Оларға түсқайта барамыз. Сондай-ақ басқа қаладан келгендер де қолында талоны болса, бөлек тіркеліп, дауыс бере алады», деді Гүлшат Ақылбекқызы.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың мәлім еткеніндей, облыстағы 519 сайлау учаскесінде 461 468 сайлаушы тіркелген.
«Осы кезге дейін 34 мыңнан астам сайлаушы немесе 7 пайызы дауыс берді. Сайлау барысын байқаушылар қадағалауда. Бәрі қалыпты өтуде», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ғайса Хамидоллаұлы.