Батыс Қазақстанда бау-бақша өсірушілер қатары көбейіп келеді

Соған сәйкес егілген дақыл көлемі өскен. Айталық, облыс бойынша картоп 4040 гектарға (2011 жылы 3844 га), көкөніс 3802 гектарға (2011 жылы 3718 га), бақша дақылдары 1606 гектарға (2011 жылы 1568 га) отырғызылды. Былтыр бау-бақша өсірумен 297 шаруашылық айналысса, биыл олардың қатарына бес шаруашылық қосылған. Бүгінде облыста 135 агроқұрылым картоп өсірумен айналысады. Өткен жылы олар 923 гектар жерге, биыл 1210 гектарға картоп отырғызды.
Сонымен қатар бақша өсірушілер арасында тамшылатып суару әдісін қолдануға деген ұмтылыс байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда тамшылатып суару жүйесін қолданатын алқап 47 гектарға ұлғайған. Теректі ауданының «ОралАгроСервис» ЖШС тамшылатып суару жүйесін қолданып 100 га жерге пияз отырғызып, мол өнім алды. Осы жүйені қолдану арқылы Бөрлі ауданының «Овощевод», «Нұр», Зеленов ауданының «Десумбаев» шаруашылықтары оң нәтижеге жетті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, облыс тұрғындарының картопқа деген сұранысы 42,7 мың тоннаны, сәбізге 11 мың тоннаны, пиязға 11,6 мың тоннаны, қырыққабатқа 11,2 мың тоннаны, бақша дақылдарына 14,8 мың тоннаны құрайды.
Өңірде 135 агроқұрылым картоп өсіреді. Өткен жылы картоп өсірілетін алқап 923 гектарды құраса, биыл оның көлемі 1210 гектарға жетті. Зеленов ауданының «Дусупов», «Предко», «Август», Теректі ауданының «Балакирев» шарушалықтары картоп өсіруге маманданған ірі шаруашылықтар саналады.
Мамандар бір адам жылына картоптың 70 келісін, көкөніс пен бақша дақылдарының 100 келісін тұтынады десе, бүгінде Батыс Қазақстанда бір адамға картоптың 89 келісі, көкөністің, бақша өнімдерінің 117 келісі өндіріледі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Исмадияр Жұмабаевтың айтуынша, тұрғындардың қажеттілігі негізінен жергілікті көкөніс және бақша өнімдері есебінен қамтамасыз етіледі. Рас, ерте пісетін жеміс-жидектің жеткіліксіз көлемі ғана сырттан әкелінеді. Азық-түлік белдеуін құру, қайта өңдеу өндірісін салу және модернизациялау жұмыстарының нәтижесінде ішкі нарықты қамтамасыз ету мүмкіншілігі туды. Негізгі азық-түлік тізіміне қосылған 64 азық-түлік түрінің 30-ы, Үкімет қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар 17 азық-түлік тауарларының 12-сі облыста өндіріледі.