Батыс Қазақстанда білім беру саласына 30,5 млрд. теңге бөлініп, ол толықтай игерілді

Облыс әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, білім беру саласының биылғы бюджеті де өткен жылғыдан кем болмайды.
Жылма-жыл білім беру нысандарын ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаражат өсіп келеді. Осы мақсатта 2007-2010 жылдар аралығында 303 білім беру ошағын күрделі жөндеуге 12 млрд. 370 млн. теңге жұмсалды. Сонымен қатар жаңадан 16 мектеп, 6 балабақша, 2 мектепке қосымша құрылыс және 2 саз мектебі пайдалануға берілді. Оған қосымша республика бюджеті есебінен Орал қаласында 80 орындық интернатымен 600 оқушыға арналған тұңғыш Президенттің зияткерлік мектебі, «Самал» шағынауданында 320 орындық балабақша, Тасқала ауылында 100 орындық интернатпен 300 орындық мектеп және жергілікті қазына қаржысына Тасқала ауылындағы С.Жақсығұлов атындағы орта мектепке спорт зал құрылысы жүргізілуде. Облыс бойынша апатты жағдайда деп танылған 4 мектепке жобалау-сметалық құжаттарын даярлау үшін жергілікті бюджеттен қаражат берілді.
«Балапан» бағдарламасы аясында мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мақсатында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Облыс бойынша 2007 жылы мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 42,9 % болса, қазіргі уақытта 83,9 %-ға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Биыл Бөкей ордасы ауданының Сайқын, Теректінің Подстепный ауылдарында - 280 және Бөрлінің Қызылталында 320 орындық балабақша салуға республика бюджетінен қаражат бөлінді.