Батыс Қазақстанда бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы өсіп кетіп отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы өсіп кетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Бауыржан Сатқалиевтің мәлім еткеніндей, жыл басынан бері статистика деректеріне сәйкес әлеуметтік маңызы бар 7 азық-түлік тауары, атап айтқанда, картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, қант, сары май және тауық еті қымбаттаған.

Оның айтуынша, қазіргі таңда картоп және көкөніс өнімдерінің басым бөлігі Ресей Федерациясынан жеткізілуде. Мысалы, картоп пен пияз – Астрахан, сәбіз Волгоград облысынан сатып алынуда.

-Пияз бағасының күрт өсуі өндірушілердің жаңа өнімге сату бағасының жоғарылығына байланысты. Көтерме жеткізушілер өнімді Астрахан облысынан килосын 160-200 теңгеге (24-26 рубль) сатып алады. Жол шығыны (15 пайыз) мен кәсіпкердің үстемесін (15 пайыз) қосқанда, 230-250 теңгеден бір шығады, - дейді Б.Сатқалиев.

Ал республиканың оңтүстік облыстарында (Жамбыл, Түркістан, Алматы) пияз 15 тамыздан бастап жиналады.

Биыл қант мәселесі елді алаңдатқаны белгілі. Облыс халқы (940 тонна) мен өнеркәсіп кәсіпорындарына (400 тонна) ай сайын 1 340 тонна қант қажет.

Бұрын өңірге келетін қанттың 70 пайызы Ресей мен Беларусьтан жеткізілетін. Алайда биылғы наурыз айында РФ Үкіметінің өз аумағынан қантты экспорттауға тыйым салғаны мәлім.

Дегенмен жиналған қор қантқа деген сұранысты мамыр айының басына дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Күні бүгін қант еліміздің Жамбыл («Тараз» және «Меркі» зауыттары) және Алматы («Көксу» зауыты) облыстарында орналасқан зауыттардан жеткізілуде.

Маусым-тамыз айларында көтерме жеткізушілермен 39 вагон (2 652 тонна) қант жеткізіліп, әр килосы 515-517 теңгеден босатылуда. Облыстағы қант қоры 607 тоннаны құрайды. Зауыттар қантты 490 теңгеден сатуда.

«Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдар 15 пайыз үстемені, шекті рұқсат етілген бағаны және ретро бонустарды қадағалайды. Үстеменің сақталмағаны жөнінде жыл басынан бері 13 шағым түсті. Барлығы бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, 6 кәсіпкерлік нысанына ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды. Қалған жеті нысан бойынша құқықбұзушылық анықталмады», деді Б.Сатқалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қантқа таласқан жұрттың бейнежазбасы тарағанын жазған болатынбыз.

https://kaz.inform.kz/news/oralda-kantka-talaskan-zhurttyn-beynezhazbasy-tarady_a3938232


Соңғы жаңалықтар