Батыс Қазақстанда биыл үш бірдей білім нысаны пайдалануға берілмек

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, аталмыш салаға 2012 жылы 37,5 млрд. теңге бөлінді, бұл - облыс бюджетінің 33 пайызы. 2011 жылмен салыстырғанда, білім беру саласының бюджеті 2,2 млрд. теңгеге өсті.
«Жыл сайын жаңа мектептер саламыз, қолдағы бар мектептерге күрделі жөндеу жүргіземіз. Тек өткен жылы облыс бойынша 9 білім беру нысаны, оның ішінде 6 мектеп және 3 мектепке дейінгі балалар ұйымы салынды. Тағы 3 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде, олар биыл аяқталатын болады. 10 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізілді», деді әкім.
Өткен оқу жылында білім саласы бойынша үш ауысымда оқитын екі мектеп болатын. Олар - Орал қаласындағы №44 және Жәнібек ауданы Қамысты ауылындағы жалпы білім беретін мектептер. 2012 жылы Оралдағы 5-шағынауданда 1200 орындық және Самал көшесі бойында 1200 орындық мектептер салынып, №44 мектеп оқушылары жаңа мектептерге ауысып, үш ауысымда оқу мәселесі оң шешімін тапты. Ал Қамысты ауылында бой көтеріп жатқан 300 орындық мектеп құрылысы биыл аяқталып, аталмыш мәселе шешілетін болады.
Сондай-ақ апатты жағдайдағы 12 мектептің біреуі күрделі жөндеуден өткізілсе, үшеуі жаңадан салынған мектептер есебінен жабылды. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табатын болады.